"Түркияға ұшып кеткен": Жақындары ұшты-күйлі жоғалған 27 жастағы жігітті іздеп жатыр
Жарияланған күні:
Теміртауда туыстары 27 жастағы жігітті іздеп жатыр. Олар Мәлік Бидашовтың Түркияға ұшып кетіп, 9 наурыздан бастап байланысқа шықпағанын айтады. Жанұяның елшілік пен полицияға жүгінуден басқа амалы қалмаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мәлік Бидашов туыстарымен 9 наурыздан бастап хабарласпаған. Соңғы рет ол Стамбулдан видео жолдап, қоныстанған пәтерін көрсетіпті. Теміртау тұрғыны Түркияға 24 ақпан күні ұшып кеткен екен.
Жас жігіт жақындарына киберспорттық ойындар аясындағы турнирге аттанғанын айтқан. Қазір ол әлеуметтік желіде белсенді емес, видеоқоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермейді.
"Оның қайда, неге ұшып барғанын білмедік. Ата-анасы Мәлік келіспеске қоймағанын айтады. Тез арада шетелдік төлқұжат дайындап, елордадан 24 ақпан күні ұшып кеткен. Бағыты да тікелей болмаған.
Бірінші Мәскеуге, сосын Минералды суға, артынша Стамбулға кетті. Ол ата-анасына турнирге қатысатынын жеткізген екен. Әке-шешесі қарсылық танытыпты. Соңғы рет 9 наурызда байланысқа шыққан",- дейді жоғалған жігіттің әпкесі Сабина Зудина.
Мәліктің туыстары Теміртау полиция бөлімшесіне арыз жазып, Түркия полициясына, сондай-ақ, Қазақстан елшілігіне жүгінген. Әзірге Мәлікке қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Сондай-ақ, оның Қазақстанға оралмағанын білген.
"Ақпарат таратуды сұраймыз. Бәлкім оның қайда екенін білетіндер бар шығар, бізбен байланысқа шығуына көмектесіп қалар. Оның ата-анасы өзін қоярға жер таппай отыр, асыға жаңалық күтуде. Мәліктің бойы шамамен 170 сантиметр, денесі мығым, көзі қоңыр", - деді Сабина.
Аталған жайтқа қатысты Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі пікір білдірді. Ведомство дерегіне сүйенсек, жігіттің жоғалғаны туралы арыз тек бүгін түскен.
"Арыз түсті, тіркелді. Туыстары жоғалған азамат Түркияға сайысқа кеткенін, соңғы рет 9 наурызда байланысқа шыққанын айтты. Полиция қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізіп жатыр",- деді ведомство.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1961123-turkiyaga-usyp-ketken-zaqyndary-usty-kuili-zogalgan-27-zastagy-zigitti-izdep-zatyr/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.