"Ауызашар беру – парыз емес": Алматының бас имамы оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді
Жарияланған күні:
Биыл мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айы 2 сәуірде басталады. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанмен сұхбаттасты. Әңгіме барысында оразаға қатысты маңызды сұрақтарға жауап берілді.
– Төлеби Дәділұлы, дінімізде оразаның үкімі қандай?
Рамазан оразасы – Ислам негізін құрайтын бес парыздың бірі. Құран Кәрімде: "Уа, иман келтіргендер! Ораза бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді", – деп баяндалады (Бақара сүресі, 183-аят). Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Ислам бес негізге құрылған: Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммед Алланың құлы әрі Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау және шамасы жетсе қажылыққа бару", – деген (Бұхари)
– Жалпы бұл ораза кімдерге парыз, кімдерге парыз емес?
Балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, жолаушы емес әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Демек әрбір балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, ораза ұстауға күші жететін, сондай-ақ, тұрғылықты жерінде болған мұсылманға Рамазан айында ораза тұту - парыз.
– Оразаның ниеті мен уақыты жайлы айтсаңыз?
Оразаның әрбір күні - өз алдына бөлек ғибадат. Сондықтан әр күнге жеке ниет ету шарт болып саналады. Фиқһ ғалымдары бір күннің оразасын бұзу басқа күндердің оразасын бұзбайтынын айта отырып, Рамазан оразасының әр күніне жеке-жеке ниет ету қажет деген тұжырымға тоқтаған.
– Ораза тұтпауға рұқсат етілген себептер қандай?
Адам әдетте шыдай алмайтындай деңгейде ауырып тұрса не болмаса сырқат науқастың өміріне қауіп төндіретіндей деңгейде болса, оразадан уақытша босатылады. Ауруынан айыққан соң қазасын өтейді.
Ескере кететін жайт: қарттық жеңген кісілер мен айықпас дертке шалдыққандар оразадан босатылады. Оразаның өтеуі ретінде фидия береді. Фидияны Рамазанның басында не оразадан кейін де беруге болады. «Бақара» сүресінің 184-аятында мұндай кісілер жайлы: "бір міскіннің тамағын берсін" делінген.
Рамазан бойы әрбір күннің оразасы үшін бір кедейді таңертең және кешке екі мезгіл тоятындай тамақтандырады. Сондай-ақ фидияның ақшасын кедейге беруіне де болады. Бір кісінің фидиясын бір адамға яки бірнеше адамға бөліп беруге де болады.
– Оразаны қай кезде қаза қылуға болады?
Алыс сапарға шыққан жолаушы, ораза ұстаса ауруы асқынып кететін науқас, жүкті әйел және емізулі ана Рамазан оразасынан уақытша босатылады. Құран Кәрімде: "Ал кім (осы айда) науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Шынында Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді", - деп баян етіледі (Бақара сүресі, 185-аят).
– Шынын айтсақ, әлі күнге дейін ораза туралы түсінік әркімде әрқалай. Әсіресе, бірінші мәрте ораза тұтқанға көп кеңес керек сыңайлы. Осы ретте оразаны не бұзады, не бұзбайды?
Оразаның басты талабы - таң атқаннан күн батқанға дейін ас-судан және төсек қатынасынан тиылу. Шариғаттың осы талабы аясында ғалымдар пәтуа береді. Демек, оразаны бұзатын жағдайлар:
- Әдейі бір нәрсені ішіп-жеу;
- Әйелімен күндіз жыныстық қатынасқа түсу.
Ал оразаны бұзбайтын жағдайлар:
- Тіс арасында қалған ноқаттан кішкене тамақ қалдығын жұту;
- Салқындау үшін жуыну;
- Тіс жұлдыру. Жұлдырған кезде ауыздағы қан яки дәріні жұтып қоюдан сақ болу қажет;
- Ұйқыдан жүніп (ғұсыл яғни дәрет алуы қажет адам - ред.) болып ояну;
- Мисуак (тісті тазалайтын ағаштан жасалған зат - ред.) қолдану;
- Ауыз-мұрынға су алып шайқау. Бірақ, тамаққа кетпеуін қадағалау;
- Темекі түтіні, топырақ шаңы, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз тамаққа кіруі;
- Еріксіз құсу;
- Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу.
- Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
- Құлаққа су кіру, бұлық ағу.
- Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе сүрме жағу.
– Көбі сәресі мен ауызашарда кестеге жүгінеді. Ал кейбірі кестеге емес, таңның атқаны мен күннің батқанына қарайды. Осының қайсысы дұрыс?
Құран Кәрімде: "...Таң атар сәтте ақ жіп пен қара жіп айыратындай мезгіл болғанға дейін ішіп-жеңдер де түнге дейін ораза ұстаңдар", – делінген (Бақара сүресі, 187-аят). Демек оразаның уақыты – таң намазының уақыты кіргеннен бастап, күн батқанға дейін. Сақтық үшін таң намазына 10 минут қалғанға дейін сәресін ішіп, ауыз бекіткен абзал. Ақшам намазының уақыты кіргенде ауыз ашады.
Қазіргі уақытта ауыз бекіту мен ашу уақытын күнге қарап анықтау қиын. Себебі қалалы жерде күннің бірінші сәулесін биік ғимараттардан көру қиынға соғады. Қала берсе жағылу ықтималы басым. Сондықтан ресми орталықтар берген уақыт кестесіне сай ораза тұту қажет. Өйткені сәресі уақыты шығып кеткенде немесе ауызашар уақыты кірмей ішіп-жеу оразаны бұзады.
– Сəресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) "ашура" күні хабарлаушы кісіге: "Кімде-кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тамамдасын. Ал ештеңе жемеген адам, сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)", – деп жар салуын бұйырды (Бұхари).
Демек сәресіне ұйықтап қалған адам ұйқысынан тұрғанда нәр тартпастан, ниет етіп оразасын жалғастырады. Бастысы таңертең еш нәрсе ішіп-жемеуі және түске дейін ниет етіп үлгеруі тиіс.
– Ауыз бекітпеген, бірақ ораза тұтқандарға ауызашар берген кісі ораза ұстағандай сауапқа ие болады деген рас па?
Ауызашар беру – сауабы мол амал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Ораза ұстаушыны тамақтандырған адам (ауызашар берген) оның сауабын алады. Әрі ораза ұстаушының сауабы еш кемітілмей беріледі", – деп сүйіншілеген (Тирмизи).
Бірақ бұл - ауызашар беруші ораза тұтудан босатылады деген сөз емес. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Кімде-кім ешбір себепсіз Рамазан айының бір күнінде ораза ұстамаса, өмір бақи ораза тұтса да сол күнгі оразаны толық өтеген болып есептелмейді", – деген.
Ауызашар беру – парыз емес, қосымша қайырымды іс. Ал Рамазан оразасы - мұсылманның мойнындағы парызы.
– Оразада пітір садақасы назарға алынады. Оның биылғы белгіленген өлшемі қандай?
Пітір – Рамазан айының соңында, яғни айтқа жетіп, негізгі қажеттіліктерінен тыс ең кемінде нисап мөлшеріндей дүниеге ие, бас бостандығы бар әр мұсылман үшін уәжіп болған садақа.
Хадисте: "Алла елшісі (с.ғ.с) Ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны міндеттеді. Кім пітірді (айт) намаздан бұрын берсе, ол пітір садақа болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі", – делінген (Бұхари).
Биыл пітір садақасы 500 теңге деп бекітілді.
– Өмірден өтіп кеткен жақындарының атынан ораза ұстауға бола ма?
Науқас немесе жолаушы секілді қандай да бір шариғи себеппен ораза тұтпаған кісі қайтыс болса, ұстай алмаған оразасының қазасын өтемейді. Қазасы бар кісі оразасын ұстауға мүмкіндігі бола тұра өтемей дүние салса, артында қалған туыстары оның оразасын тұта алмайды.
Хадисте: "Ешбір адам басқа бір адам үшін намаз оқи алмайды, ораза тұта алмайды. Бірақ оның атынан әр күн үшін бір өлшем бидайды кедейлерге бере алады", – делінген (Тирмизи).
Ханафи ғалымдарының көзқарасы бойынша қайтыс болған адам өтелмеген оразасы үшін фидия беруді туысына яки баласына өсиет етсе, әрбір күніне бір кедейге фидия беріледі.
– Рамазан айында Қадір түні бар. Бұл түннің өзге түндерден ерекшелігі неде?
"Қадір" сөзі "үкім түні" мағынасын береді. Демек Қадір түні – Алланың тағдырды үкім ететін түні. Құранда: "Ол кеште барлық хикметті істер айырылады", – деген. Қатада: "Бұл түнде келесі жылғы істердің тағдыры жазылады", – дейді.
"Қадір" сөзінің тағы бір мағынасы – "абырой, бедел". Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі: бұл түннің қадір-қасиеті мың айдан да қайырлы.
Сонымен қатар, "қадір" сөзінің бір мағынасы – "сығылыс". Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі "тарылу" мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені бұл түні жер бетіне періштелер толып кетеді.
"Қадір" сүресінде: "Ол түні періштелер және Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) Раббыларының рұқсатымен әр түрлі іс атқару үшін түседі", – дейді. Сол түнгі көктен түсетін періштелердің саны жердегі майда тастардан да көп болады. Пенденің әрбір жасаған дұғасына "әмин" деп тұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962361-auyzasar-beru-paryz-emes-almaty-imamy-orazaga-qatysty-zii-qoiylatyn-suraqtarga-zauap-berdi/