Әділет министрі Қайрат Сатыбалдыұлының қамауға алынуы қаншалықты заңды екенін айтты
Опубликовано:

Еліміздің Әділет министрі Қанат Мусин мәжіліс кулуарында Қайрат Сатыбалдыұлының қамауға алынуы қаншалықты заңды деген сауалға жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысқаны болып келеді.
Осыған қатысты сауалды БАҚ өкілдері Қанат Мусинге қойды.
"Сіз Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерін, олардың қызметін тексеруге болады, бірақ қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды дедіңіз. Қайрат Сатыбалдыұлының қамауға алынуы заңға қаншалықты сәйкес келеді? Ол Тұңғыш президенттің немере інісі ғой", - деді журналистер.
Осы ретте, министр белгілі бір тұлғалардың Назарбаев отбасы мүшелерінің қатарына кіруі заңмен белгіленетінін айтты.
"Біріншіден, онда немере інілері кірмейді. Екіншіден, "Тұңғыш президент туралы" заңда Тұңғыш президент пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелері, менің ойымша, қателеспесем, қылмыстық жауапкершілікке тартыла алмайды деп жазылған... Ал айып тағу үшін тергеуге тыйым салынбаған. Қандай да бір іс-әрекеттері тергелуі мүмкін", - деді Мусин.
Сондай-ақ ол болашақта тергеу органдарының Дариға Назарбаева немесе Нұрсұлтан Назарбаевқа сұрағы туындаған жағдайда, оларды ұстауға және тұтқынға алуға болмайтынын айтты. Өйткені, бұған заң тыйым салады.
"Бірақ оларға сұрақ қойып, жауап алуға тыйым жоқ", - деді Әділет министрі.
Еске сала кетсек, осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталғанын хабарлаған еді.
Агенттік мәліметінше, ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактісі бойынша күдікке ілінген.
Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Қайрат Сатыбалдыұлының Алматы әуежайының аумағында ұсталғанын растады.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Қайрат Сатыбалдыұлын екі айға қамауға алуға санкция берген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962419-adilet-ministri-qairat-satybaldyulynyn-qamauga-alynuy-qansalyqty-zandy-ekenin-aitty/