Украинадан кеткен қазақстандықтар мінген жетінші репатрациялық рейс Польшадан ұшып шықты
Опубликовано:

Бүгін, 28 наурызда Польша аумағынан Алматыға қарай жетінші репатрациялық рейс ұшып шықты. Әуе кемесінде Украинадан кеткен қазақстандықтар бар. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Telegram каналында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, репатрациялық рейс Катовице қаласынан Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 19:44-те ұшып шыққан. Әуе кемесі Алматы әуежайына қонуы тиіс.
Ұшақ бортында 53 жолаушы бар. Осылайша, СІМ дерегінше, бүгінгі күні Украинадан 900 Қазақстан азаматы шығарылған. Оның 743-і үйлеріне репатрациялық ұшақтармен оралған.
Еске сала кетсек, Қазақстаннан Украинаның мұқтаж азаматтарына гуманитарлық көмектің жаңа партиясы жіберілгенін жазған едік.
28 наурызда Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы рейс ұйымдастырып, Алматыдан Польшаның Катовице қаласына Украина азаматтары үшін гуманитарлық көмектің кезекті партиясын жеткізді.
Ведомствоның мәліметінше, жалпы салмағы 17,5 тонна болатын жүк төсек-орын және тамақ сияқты қажетті заттарды қамтиды.
Бұған дейін Қазақстан жалпы салмағы 28,2 тонна болатын 17 түрлі дәрі-дәрмек – антибиотиктер, қабынуға қарсы, жөтелге қарсы және антигипертензивті препараттар түрінде гуманитарлық көмек жіберген болатын.
Сонымен қатар еліміздің Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев әлеуметтік желіде жарияланған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жайлы материалдарға қатысты қазақстандықтарға үндеу жасаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962476-ukrainadan-ketken-qazaqstandyqtar-mingen-zetinsi-repatraciyalyq-reis-polsadan-usyp-syqty/