Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қант өндірісінен көшбасшы Жамбыл облысында қазір бір ғана зауыт жұмыс істеп тұр

Опубликовано:

қант
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Елімізде азық-түлік бағасының өсуі байқалып отыр. Оның ішінде қанттың құны айтарлықтай қымбаттаған. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстанда қант өндірісі бойынша жетекші өңір саналатын Жамбыл облысындағы зауыттардың жағдайы туралы сұрап білді.

Бүгінде республика бойынша екі облыс қант өндіретіні белгілі. Олар — Алматы мен Жамбыл облыстары.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі портал тілшісіне мәлім еткендей, облыста Меркі қант зауыты ғана жұмыс істеп тұр. Тараз қаласындағы "Қант" акционерлік қоғамының зауыты тоқтап тұр. Ал Шу ауданындағы QAZSUGAR Со ЖШС-і тәулігіне 8000 тонна қант қызылшасын өңдейтін зауыттың құрылысын жүргізуде. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.

"Меркі қант зауытының қуаттылығы тәулігіне 3000 тонна қант қызылшасын және 700 тонна қант қамысын (тростнигін) өңдеу. Қазіргі таңда, зауыттың өндірістік жүктелімі шикізат тапшылығына байланысты 40%-ды құрап отыр.

Кәсіпорын басшысының мәліметіне сәйкес, 2022 жылдың сәуір айынан бастап қант қамысын өңдеу бойынша жұмысын жалғастыратын болады. Бұл облыстың өнеркәсіп өнімі көлемінің артуына оң әсерін тигізеді", – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кету керек, Жамбыл облысында 2021 жылы 10 117 тонна қант өндірілген. Ол облыс халқының жылдық тұтыну нормасын толығымен өтеді. Ал 2022 жылдың үш айында 655 тонна қант өндірілген.

Әкімдік биыл Жамбыл облысы бойынша қант қызылшасы дақылын 4,9 мың гектар алқапқа отырғызу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Алматы облысында екі қант зауыты жұмыс істеп тұрғанын жазған болатынбыз. Былтыр өңірдегі Ақсу және Көксу қант зауыттары барлығы 57 мың тонна қант өндірген. Ол республика халқы қажеттілігінің 11%-ын, облыс бойынша – 100%-ын қамтамасыз еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962706-qant-ondirisinen-kosbassy-zambyl-oblysynda-qazir-bir-gana-zauyt-zumys-istep-tur/

pixel