Қарағанды облысында есірткі сатумен айналысқан 10 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды (видео)

Опубликовано:

Кісен
Көрнекі фото: pixabay.com

Қарағанды облысында байланыссыз әдіс арқылы синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 10 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Порталдың мәліметінше, Ішкі істер министрлігі мен Қарағанды облысының полиция департаменті Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, арнайы операция өткізген.

Аса тәжірибелі қызметкерлерден құрылған арнайы жедел тергеу тобы қылмыстық топтың жолын кесу үшін төрт ай бойы жұмыстар жүргізген.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің сөзінше, ұсталғандар Қарағанды мен Теміртау қалаларының тұрғындары.

Олар 2021 жылдың мамыр айынан бастап бүгінге дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сатумен айналысқан.

Ұсталғандар есірткіні әлеуметтік желідегі интернет-дүкен арқылы сатып келген.

Басылымның жазуынша, қылмыстық топтың қызметі жақсы ұйымдастырылған. Олар ұйымдастырушы, буып-түюші, оператор, дилер, есірткіні тығып жасырушы сынды қызметтерді атқарған.

Ал топ мүшелерінің тұрғылықты жерін тінту кезінде сатуға дайын 300 дозадан астам есірткі заты тәркіленген. Сонымен қатар жалға алынған пәтерлердің бірінен шамамен 3 келі синтетикалық зат, оны орау үшін қолданылатын электронды таразы, zip қалташалар табылған.

Қазіргі уақытта аталмыш фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 5-тармағы бойынша (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу, жөнелту немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Полиция қылмыстық топ мүшелерінің қылмысы дәлелденсе мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962707-qaragandy-oblysynda-esirtki-satumen-ainalysqan-10-adamnan-turatyn-qylmystyq-top-ustaldy-video/