Келесі аптада Алматыда 29 градусқа дейін ыстық болуы мүмкін
Опубликовано:

Алдағы 10 күнге арналған ауа райы болжамына сәйкес келесі аптада Алматыда аптап ыстық болуы мүмкін. 6 сәуірде сынап бағанасы 29 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде.
Gismeteo сайтының хабарлауынша, бүгін, 30 наурызда оңтүстік астанада күн жауын-шашынсыз әрі жылы болмақ. Күндіз сынап бағанасы 9 градусқа дейін көтерілсе, түнде -1 градусқа төмендеуі ықтимал.
Осыдан кейін Алматыда біртіндеп күн жылына бастайды. Мәселен, 31 наурызда 15 градус, 4 сәуірде 20 градус, 6 сәуірде 29 градус жылы болады деп күтілуде.
Дегенмен кейінірек ауа температурасы аздап төмендеп, 8 сәуірде күн бұлтты болуы мүмкін.

Айта кетейік, 29 наурызда Алматыда ауа райы күрт нашарлаған еді. Дауыл салдарынан ғимараттың шатыры ұшып, ағаштар құлаған болатын.
Сондай-ақ қатты жел салдарынан әуежайда тұрған SCAT Airlines компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы орнынан қозғалып кеткен еді.
Компанияның мәліметінше, дауылдың екпіні салмағы бірнеше тоннаны құрайтын ұшақты 30 пайызға бұрып жіберген. Абырой болғанда оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962713-kelesi-aptada-almatyda-29-gradusqa-deiin-ystyq-boluy-mumkin/