Министр Қазақстанда АЭС мамандарын дайындау мәселесіне қатысты пікір білдірді
Опубликовано:

Білім және ғылым министрі мәжіліс отырысында Қазақстанда атом электр станциясына мамандарды қалай және қайда дайындайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері бұған дейін Энергетика министрлігі Қазақстанда атом электр станциясын ашу үшін 2 мың маман тарту керек екенін мәлімдегенін еске салды.
Осы орайда журналистер Білім және ғылым министрлігінен аталған салада мамандар даярлауда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
"Атом энергетикасы бойынша жұмыс бүгін де, кеше де емес, әлдеқайда ертерек басталған. "Болашақ" бағдарламасы іске қосылған кезде ядролық физика және осыған жақын сала бойынша мамандар даярлай бастады. Бізде, негізінен, шетелде білім алған білікті мамандардың саны жеткілікті", - деп жауап берді Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзінше, мамандарды даярлау Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық университетінде және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жүргізіледі.
"Оларда (жоғарыда аталған жоғары оқу орындары - ред.) бұрыннан бері МИФИ бағдарламалары бар ("МИФИ" - Ресей ұлттық зерттеу ядролық университеті). Олар ұзақ уақыт бойы бірлескен дипломдар беріп келеді.
Одан бөлек біздің көптеген азаматымыз өз бетінше оқуға түсті, оның ішінде Ресей Федерациясын атап өтуіміз керек. Олар аталған бағытта оқиды. Сондықтан атом өнеркәсібіне мамандар даярлау үшін АҚШ, Еуропа, РФ және басқа да елдерде дайындық мәселелері қарастырылуда", - деп түйіндеді Аймағамбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962799-qazaqstanda-aes-mamandaryn-qaida-daiyndaidy-aimagambetov-zauap-berdi/