"ХҚКО-ға жарылғыш зат қойылды": Қарағандыда жалған ақпарат берді деген күдікпен ер адам ұсталды
Жарияланған күні:
Бұған дейін Қарағандыдағы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат тараған еді. Мәлімет растамалды. Қазіргі таңда жалған ақпарат берді деген күдікпен ер адам ұсталған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Қарағанды облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдікті ретінде 29 жастағы азаматты ұстаған. Ол кінәсін мойындап, түсініктеме берген.
"Заттай айғақ ретінде - ұялы телефон тәркіленді. Тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады полиция департаментінен.
Құзырлы орган тергеу Қылмыстық кодекстің 273-бабы ("Терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат") бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл бап бойынша, егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетсек, бүгін, 31 наурызда Алматы полиция департаментіне қаладағы жеті нысанға жарылғыш зат қойылды деген ақпарат келіп түскен болатын. Алайда олардың ешбірінен күдік тудыратын зат табылмаған.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында да көлік салондары мен сауда ойын-сауық орталықтарының электрондық пошталарына ғимараттарға жарылғыш зат қойылды деген хат келіп түскен. Бірақ полиция ешқайсысынан жарылғыш зат табылмағанын хабарлады.
Одан бөлек Қарағанды қаласының полициясына Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратына бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат келіп түскен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962994-qaragandyda-xqko-gimaratyna-zarylgys-zat-qoiyldy-dep-zalgan-aqparat-bergen-kudikti-ustaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.