Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алтын-Емел" ұлттық паркінде сілеусін күшіктерімен бірге камераға түсіп қалды

Опубликовано:

Түркістандық сілеусіндер
Видеодан кадр: Facebook.com / "Алтын-Емел" МҰТП

Алматы облысы "Алтын-Емел" ұлттық табиғи паркіндегі шатқалдардың бірінде Түркістан сілеусіні күшіктерімен бірге камераға түсіп қалды. Бұл жыртқыш Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген.

Жыртқышардың видеосы ұлттық парктің Facebook парақшасында жарияланды. Кадрдан Түркістан сілеусіні мен оның үш күшігін байқауға болады.

Парк қызметкерлерінің дерегінше, кішкентай сілеусіндер небәрі бір жаста.

Одан бөлек ұлттық парк өкілдері сілеусіннің бірден үш күшігінің болуы сирек кездесетін жағдай екенін айта кетті. Әдетте сілеусін екіден артық күшіктемейді дейді олар.

"Бұл ұлттық паркте сілеусін үшін қолайлы өмір сүру жағдайы қалыптасқанын көрсетеді", - дейді "Алтын-Емел" паркінің қызметкерлері.

Сонымен қатар мамандар сілеусіннің сібір тау ешкісінің лағымен, жабайы қабанның баласымен кейде кекіліктермен де қоректенетінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ұлттық табиғи паркі аумағында қар барысы фототұзаққа түсіп қалғанын жазған едік.

Сондай-ақ Түркістан облысы аумағындағы Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында "Қызыл кітапқа" енген сілеусін камераға түсіп қалған болатын.

Сонымен бірге "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде қар барысы фототұзаққа түсіп қалған еді.

Парк аумағында 16 қар барысы бар.

Жалпы, қар барысы (Uncia uncia Schreber, 1775) Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген. Елімізде 120-130 қар барысы мекендейді, ал әлемде олардың саны 7 мыңнан аспайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963028-altyn-emel-ulttyq-parki-aumagynda-sirek-kezdesetin-turkistandyq-sileusin-videoga-tusip-qaldy/

pixel