Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында оқушылар қабырғасы көгеріп, шатырынан су ағып тұрған мектепте оқуға мәжбүр

Опубликовано:

Келес ауданындағы мектеп
Апатты жағдайдағы мектеп. Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Түркістан облысы Келес ауданы Қауыншы ауылында 35 жылдан бері жөндеу көрмеген мектептің қабырғалары көгеріп, шатырынан су сорғалап тұр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның дерегінше, Қауыншы ауылында апатты жағдайда тұрған жалғыз мектеп бар. Білім ордасы 1986 жылы салынған содан бері жөндеу көрмеген.

Ал жауын жауса оқушылар жаңбыр тимейтін жерлерге жайғасып оқуға мәжбүр. Себебі сыныптарды су басатын көрінеді.

Одан бөлек үнемі ылғалда тұратын ғимараттың қабырғасы көгеріп, мектепті жағымсыз иіс басқан.

мектеп
Апатты жағдайдағы мектеп. Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Мектептің спорт залын да аудандық шенеуніктер осыдан 10 жыл бұрын апатты деп таныған екен.

"Су тамшылаған соң шелек қойып қоямыз. Терезенің сылағы түсіп жатыр. Оқушылардың басына түсе ме деп қорқамыз. Сабақ оқуға да кедергі жасайды. Көгеріп кеткен, сыз иісі бар. Оқушылар тыныс алуға қиналады", - дейді мектеп мұғалімі Айтбек Дүйсен.

Телеарнаның мәліметінше, бүгінде 300 орындық білім ордасында 700 бала білім алуда. Сынып кабинеттері жетіспейді. Әр бос бұрыш оқу кабинетіне айналған.

Ал мектептің жағдайына күйінген ата-аналар ұл-қызын оқуға жіберуге қорқатындарын ашық айтуда.

"Бүкіл ауыл тұрғындары мәселе шешілмесе, балаларды мектепке жібере алмаймыз деп отыр. Өйткені қауіп бар. Құлап кетуіне де ешкім кепіл бермейді, тоқ соқпауына да ешкім кепіл бермейді. Бізге әр баланың денсаулығы, амандығы керек", - дейді Қауыншы ауылының тұрғыны Сейілхан Аманбердиев.

спорт зал
Апатты жағдайдағы мектеп. Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Мектеп басшылығы болса, ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екенін шенеуніктерге 10 жылдан бері айтып келе жатқандарын жеткізді. Ал аудандағы білім бөлімі бар мәселе қаржыға тірелетінін айтады.

"Сметасы көрсетілген құжатты осы жердегі кәсіпкер демеу көрсетіп, бір айдың ішінде бітіріп берем деген. Сөйлестік. Сметалық құжатқа 11 миллион теңге керек. Түгел, қабырғасы, іші-сырты, едені, шатыры бәрін жөндету керек", - дейді Келес ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Келес ауданы Ақжол ауылындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы мектептің оқушылары сыныпқа симаған соң бұрын дәретхана болған жерде сабақ оқуға мәжбүр екенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963055-turkistan-oblysynda-oqusylar-qabyrgasy-kogerip-satyrynan-su-agyp-turgan-mektepte-oquga-mazbur/

pixel