"227 елдімекен қауіпті аймақта тұр": ТЖМ басшысы су тасқыны болуы мүмкін өңірлерді атады
Жарияланған күні:
Премьер-министр Әлихан Смайылов төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинмен және бірқатар өңірдің әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті. Министр мен өңір басшылары елдегі су тасқынына қатысты жағдайды баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.
ТЖМ басшысының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 227 елдімекен қауіпті аймақта тұр.
Су басуға үш нәрсе себеп болып отыр. Бұл – қарды уақытылы шығармау, тазартылмаған арықтар мен еріген қар суы.
Қазіргі таңда су басу қаупі еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінде сақталып отыр.
Юрий Ильиннің айтуынша, жалпы ел бойынша су тасқыны қаупі бар 1010 елдімекеннің 285-інде су басу қаупі сақталуда. Бұл ретте, 340 елдімекенді су басу қаупі жойылып, 385 елдімекенде сейілген.
Ал 31 наурыздағы жағдай бойынша елімізде қар жамылғысының ауданы 47 пайызды құрап отыр.
Өз кезегінде Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдері үкімет басшысына су басқан аумақтарды қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Премьер-министр әкімдерге Жол картасын іске асыруды жеделдетуді, келіп түскен шағымдарға жедел әрекет етуді, су басу қауіптерін жоюды тапсырды.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды жүзеге асыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Оның сөзінше, өңір басшылары бұл мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында Ноғайты өзені арнасынан асып, Сағыз ауылының тұрғындарын әбігерге салған еді. Су деңгейі шамамен 3 метрге көтерілген.
Салдарынан ауылды су басып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген болатын.
Одан бөлек Павлодар облысының Рождественка ауылындағы екі тұрғын үйді, Батыс Қазақстан облысының Шалғын ауылындағы 25 үй мен 2 әлеуметтік нысанды еріген қар суы басып қалып, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы 3 автомобиль жолының бөліктерін су шайып кеткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963104-227-eldimeken-qauipti-aimaqta-tur-tzm-bassysy-qazaqstandagy-su-tasqynyna-qatysty-zagdaidy-bayandady/