Алматыда барахолка саудагерлері базардың сүрілуіне қарсы шығып, жанайқайын жеткізді (фото)
Жарияланған күні:
Алматыда "Рахат" базарының 140-қа жуық кәсіпкері өздері жалға алып отырған сауда орнының сүрілуіне қарсы шықты. 25 жылдан бері осында сауда жасап келген саудагерлер өзінің жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Саудагерлердің сөзінше, базарды босатуға бір ай уақыт беріліпті. Өйткені жер телімін жалға алу туралы келісімшарт уақытылы созылмаған. Ал жергілікті әкімдік өкілдері болса, сауда орындарын үлестіріп отырған компания кәсіпкерлерге дұрыс бағыт бермей, елді босқа дүрліктіріп отыр дейді.
"Шығуға бір ай уақыт берді. Үш күн бұрын. Кетпесек сүрілетінін айтып, жарықты өшіреміз", – деді кәсіпкер Тамара Жұмандықова.
Әкімдік өкілдеріне "Рахат" базарының 140-тай кәсіпкерінің өкпесі қара қазандай. Базар жуық арада сүрілетін болғандықтан, жауаптылар оларды өзге орындарға осылайша көшіруге кіріскен.
Жұрт базардың сүрілуіне үзілді-кесілді қарсы. Осы жерде жиырма жылдан бері сауда жасап, тұрақты тұтынушы тартып үлгерген кәсіпкерлер басқа жаққа ауыссақ, нәпақамыздан айырыламыз дейді. Оның үстіне әкімдік ұсынып отырған орындар ыңғайсыз әрі жалға алу құны қымбат.
"Бізге орын береді, бірақ жертөледе. Онда кім барады, жөндеу жұмыстарын жасау керек. Бірақ бір жылдың ішінде сатып алу керепіз. Онсыз да сауда жоқ", – деді кәсіпкер Тамара Жұмандықова.
"Бізге одан кейін мына көршілес нысанға кіріңдер деді. Негізі оны сатып алуымыз керек. Біздің ондай шамамыз жоқ. Күнделікті нәпақаны әрең тауып отырмыз. Біздің талабымыз осында қалдырса екен", – деді кәсіпкер Әділжан Нәсіреддинов.
"2019 жылы маусымда жалға алу мерзімі аяқталды. Жер кодексіне сәйкес "ТКМ" жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалға алу мерзімін ұзарту туралы арыз берді. Бірақ Алматы қаласының әкімдігі жер кодексінің 37 және 43-баптарын қатаң түрде бұзып, құқықты жоққа шығарып, мерзімдерін жоққа шығарып, басым құқыққа негіз бермей, заңсыз бұл жерді мынау «Алматы СПS-қа» беріп жіберген", – деді заңгер Бақытжан Базарбек.
Ал Жетісу ауданы әкімдігі "ТКМ" компаниясының өкілдері кәсіпкерлерді дұрыс ақпарат бермегенін алға тартуда. Әкімдіктің берген мәліметінше, бұл компанияның учаскені жалға алу мерзімі 2018 жылы аяқталған. "
ТКМ" компаниясы үш жылдан бері саудагерлерден жалға алу төлемін заңсыз алып отыр. Ол аздай, компания сондағы кәсіпкерлерді сот әне-міне бітеді деп адастырып, дұрыс бағыт көрсетіп жатқан жоқ. Себебі сот олардың арызын 2019 жылы кері қайтарған. Одан кейінгі сот процестері "ТКМ" компаниясына қатысты болған жоқ. Тек жиһаз фабрикасы арасында ғана өтті», – дейді Жетісу ауданының әкімі Гүлнәр Көкебаева.
Qazaq Today басылымына сұхбат берген "ТКМ" ЖШС-нің заңгері Жәмилә Төленова да Жер кодексінің 37 және 47 баптары бұзылғанын сөз етіп отыр. Жерді жалға беру мерзімін ұзарту ауданның емес, қалалық әкімдік пен Жер комиссиясының құзырында, дейді ол.
«Аудан әкімдігінің не себептен базарды босатыңдар деп заңсыз талап қойып отырғаны біз үшін жұмбақ. Осы базар дауымен айналысып жүргеніме 7 жыл, ал соттасып жүргенімізге 5 жыл болды. Егер олар айтқандай бұл жерге автотұрақ салынатын болса, алдымен қаланың бас жоспары және жерді игеру мақсаты өзгеру керек.
Қазір олар туралы мәлімет жоқ. Бұл жерді пайдалану бойынша «ТКМ» ЖШС-нің артықшылығы бар. Заңда жерді пайдаланушы талаптарды бұзбаса өзгелердің алдында артықшылық құқығы бар. Басқа компаниялар тек «ТКМ» жерді пайдаланудан бас тартқанда ғана алуға құқылы...
Қаланың жаңа әкімі Досаев дауды біржолата тоқтатып, кәсіпкерлерге өздері пайдаланып келген базарды қалдырады деп үміттенеміз. Егер жерді қалдырған жағдайда кәсіпкерлер заманауи сауда кешенін салуға дайын. Инвесторымызда бар. Базарды жаңартуға әкімдіктегілер мүмкіндік бермей келеді» – деді заңгер Ж.Төленова.
Заңгерлер мен саудагерлер мәселеге Президенттің араласуын сұрап отыр. Себебі олар базар сүрілсе, нәпақамыздан айыраламыз деп отыр.
«Әкімдіктегілер жанымызда салынған базарға барыңдар, сол жерден орын табылады дейді. Аудан әкімі бір айдың ішінде көшіңдер деп жатыр. Барып сұрадым, орынды 20 мың долларға сатамыз деп отыр. Менде ондай ақша жоқ. Әкімдіктегілер орынға кепілдік береміз дегендей айтады. Иә, мен барып 2-3 ай тұрармын, бірақ «мына орынды сатып алатын ақшам бар» деп басқа адам келсе базар иесі оған бірден сатады. Сонда біз далада қаламыз ғой. Сол үшін бізге осы жерде жұмыс істеуімізге мұрсат берсе екен, мазамызды ала бермей", – деп уәжін жеткізген кәсіпкер Жазира Қалымбетова басылым тілшілеріне.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963223-zetisu-audanynyn-akimi-raxat-bazaryna-qatysty-dauga-nukte-qoidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.