Қосшы саунасында ер адам әйелді ұрды: Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды (видео)
Опубликовано:

Ақмола облысының Қосшы қаласында сауна директоры болған әйелді соққыға жыққан 37 жастағы күдікті ұсталды. Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Қазaқпарат.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2 сәуір күні Қосшы қаласындағы сауналардың бірінде болған.
Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі "бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
"Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадағы азаматтар саунада ішімдік ішкен. Сағат 07:30 шамасында мекеменің басқарушы директоры, Қосшы қаласының 31 жастағы тұрғыны олардан шоттың төленбеу себебін анықтамақшы болған. Сол кезде клиенттердің бірі әйелге қол көтеріп, бас және дене тұсынан соққы жасаған", - делінген хабарламада.
Оқиғаға қатысты 3 адам анықталып отыр.
Ведомство дерегінше, Қосшы қаласының 44 жастағы тұрғыны мен 36 жастағы елордалықтың орташа дәрежедегі мас екені анықталған. Олар айықтыру мекемесіне қамалған.
"Ал сауна директорына дене жарақатын салған күдікті - 37 жастағы ер адам уақтыша ұстау орталығына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жалғасуда", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963268-qossy-saunasynda-er-adam-aieldi-urdy-kudiktinin-ustinen-qylmystyq-is-qozgaldy-video/