Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы баланың қабырғасы сынған оқиғаның мән-жайын айтты

Опубликовано:

Сәбидің қолы
Көрнекі фото: piqsels.com

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы жергілікті тұрғынның "медицина мамандары бір жасар баланың қабырғасын сындырып алып, оны баспен құлатты" деген шағымына қатысты жауап берді. Мекеменің пікірі ресми Instagram парақшасында жарияланды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ең алдымен жедел жәрдем станциясы педиатриялық бригада дәрігерінің іс-әрекетінде заңбұзушылық болмағанын атап өтті. Өйткені олар баланың өмірін құтқарып қалған.

Мекеменің мәліметінше, "103" нөміріне шақырту туралы қоңырау 6 сәуір күні 21.05-те келіп түскен. Жақын маңдағы бригада екі минуттан кейін шақырту орнына барған.

"Сол сәтте пациенттің тынысы тоқтап, ол клиникалық өлім жағдайына түскен. Педиатриялық бригада дәрігері жүрегіне массаж жасай бастаған. Мұндай жағдайда қабырғаға зақым келуі мүмкін, әсіресе бұндай жайт кішкентай балаларда кездесіп жататынын жоққа шығармаймыз. Медицина қызметкерлері баланы ауруханаға жатқызу кезінде кеуде қуысының сынған болуы мүмкін екенін айтқан", - дейді мекемеден.

Сонымен қатар жедел жәрдем станциясы тасымалдау кезінде бүлдіршіннің неліктен құлап қалғанын түсіндірді.

Олардың айтуынша, дәрігерлер науқасты ауруханаға жеткізер кезде зембілге байламаған. Өйткені кез келген сәтте оның тынысы қайта тоқтап қалуы мүмкін еді. Ал тыныс алуы тоқтаса, сәбиге қайтадан реанимация шараларын жасау қажет болатын.

Медициналық бригада қызметкерлерінің сөзінше, бұрылыстардың бірінде бала зембілден құлап кеткен. Бірақ дәрігер мен анасы оны ұстап үлгерген, сондықтан ол еденге құламаған.

"Жедел жәрдем станциясының басшылығы медицина қызметкерлерінің іс-әрекетінде заңбұзушылық болды деп санамайды. Дегенмен "103" қызметі баланың қабырғасы сынғаны үшін оның анасынан кешірім сұрайды. Сәбидің тезірек жазылып кетуін тілейміз", - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодар тұрғыны жедел жәрдем қызметкерлері оның бір жасар баласының қабырғасын сындырып алғанын, ал ауруханаға апара жатқан жолда басымен жерге құлатып алғанын айтып, шағымданған еді.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл факті бойынша қызметтік тексеріс басталғанын хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964235-pavlodar-oblystyq-zedel-zardem-stanciyasy-balanyn-qabyrgasy-syngan-oqiganyn-man-zaiyn-aitty/

pixel