Энергетика министрлігі КҚК-дағы апаттың салдарын бағалау үшін Ресейге баруы мүмкін

Опубликовано:

Мұнай
Көрнекі сурет: Pixabay

Энергетика министрі Болат Ақшолақов үкімет кулуарында Каспий құбыр консорциумындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Апат 22 наурызда болған еді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақшолақовтың сөзінше, министрлік жағдайды бақылауда ұстап отыр.

"Біз күн сайын әріптестерімізбен (ресейлік - ред.) байланыста болуға тырысамыз. Әзірге олар жөндеу бригадаларының су астына түсуіне ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіріп отырғанын айтуда.

Ақпараттың шынайылығы... Біз ол жерде физикалық тұрғыда орналаспағанымызды білесіздер, бұл Қазақстанның юрисдикциясы емес. Сол себепті біз 15 сәуірге дейін күтеміз. Содан кейін, менің ойымша, біз өз әріптестерімізді жібереміз немесе орынның мүмкіншілігін анықтау үшін өзіміз баруымыз мүмкін. Бірақ әзірге 15 сәуірді күтіп отырмыз", - деді ол.

Сонымен бірге министр КҚК жөндеу жұмыстары сәуірдің ішінде бітпесе де, Қазақстан экономикасына айтарлықтай қауіп төнбейтінін айтты.

"Бірақ әрі қарай, мамырға дейін созылса, онда әсері болуы мүмкін. Менің түсінуімше, олар барлық шығын мен қажеттінің барлығын анықтады, бірақ бізде сүңгуірлер мен жұмыс бригадаларының түскені туралы мәлімет жоқ.

Қазір КҚК 60 пайыздық қуаттылықпен жұмыс істеп тұр, қатты ауыр шығын жоқ. Бірақ жөндеу жұмыстары мамырдан кейін де жалғасса, онда шығын айына 1 миллион тоннаны құрауы мүмкін", - деді Ақшолақов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964641-energetika-ministrligi-kqk-dagy-apattyn-saldaryn-bagalau-usin-reseige-baruy-mumkin/