Нұр-Сұлтанда қаржы пирамидасына ақша салып, өзін өртеген әйелге қатысты ІІМ пікір білдірді

Опубликовано:

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ

Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев мәжіліс кулуарында Mudarabah Capital қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйелдің әрекетіне қатысты пікір білдірді. Келіншек Нұр-Сұлтанда өз-өзін өртеп жібермек болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Марат Қожаев құқық бұзушылардың іс-әрекетінен қандай да бір шығынға батқан адамдар түрлі психофизиологиялық әсерге ұшырағанын хабарлады.

"Жәбірленушілердің бірі тергеу органдарына қысым көрсету мақсатында осы әрекетке барды (өз-өзін өртеу- ред) деп ойлаймын. Абырой болғанда, от сөндірілді, келіншек қазір ауруханада жатыр, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Маған солай есеп берді",- деді ол.

Спикердің сөзінше, жалпы алғанда қылмыстық іс бойынша 14 адам айыпталып жатыр, оның алтауы қамауда отыр. Бірнеше адам үйқамақта.

"Меніңше, екі адамға қатысты кепілге алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды, кейбірінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Сіздерге мұндай бұлтартпау шарасы жаза емес екені түсінікті шығар. Ол адамның жасырынбауы, басқа қылмыс жасамауы және басқа адамдарды тергеуге кедергі келтіруге көндіруге тырыспауы үшін жеке басын ескере отырып таңдалады.

Бұл әлі жаза емес. Алайда аталған қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер бүгінде кім қамауға алынуы қажет екенін, бұлтартпау шарасы кімге қатысты таңдалғаны дұрыс екенін анық көрсетіп бергендей. Өкінішке қарай, мұндай эмоциялар болады, бірақ біз аталған шараларды эмоционалды жағдайымызға емес, заңнамаға сәйкес таңдауымыз керек",- деді Қожаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964839-iim-nur-sultanda-qarzy-piramidasyna-aqsa-salyp-ozin-ortegen-aielge-qatysty-pikir-bildirdi/