Су тасқыны: БҚО-да ауыл тұрғындары түнделетіп қауіпсіз аумаққа көшірілді

Опубликовано:

ТЖ
Видеодан кадр: КТК арнасы

Батыс Қазақстан облысында тасқын қаупі төнген ауыл тұрғындары түнделетіп қауіпсіз аумаққа көшірілді. Өйткені көршілес Орынбор өңірінде тасқын су бөгеттен асып Жайықтың жағасындағы Чинарево елдімекеніне жеткен. Тіпті ауыл шетіндегі бөгетті бұзып кетіпті, деп хабарлайды КТК.

Дегенмен құтқарушылар судың ағысын бұрып үлгеріп, тасқын қаупі сейілді. Түн ұйқысы төрт бөлінген тұрғындар қайтадан баспанасына орала бастады.

Түнде тыныш жатқан Бәйтерек ауданына қарасты Чинарево ауылы тұрғындары бір сәтте шошып оянып, елдімекеннен шұғыл көшуіне тура келді. Көрші елдің Орынбор облысына тиесілі платинадан су тасып, оның ағысы осы ауыл маңындағы бөгеттің бір жағын бұзып өткен. 

"Ауылды су басады" деп қорыққан құтқарушылар мал-жанның бәрін көшіруге шешім қабылдаған. Ал Чинореводағылар Жайықтың көтерілгеніне қуанып та отыр.

"Соңғы 50 жылда бұлай дүрлікпеп едік" - дейді олар.

"Осындай су бізде бірталай жыл болған жоқ. 1972 жылы үлкен су болған. Одан кейін болған емес. ТЖМ қызметкерлері келіп ескертті.  "Жиналыңдар" деді. Көлігі жоққа көлік беріп, бәріміз ауылдан шығып кеттік.",- дейді Батырхан Байболатов.

Түнде үйінен безген ауыл тұрғындарының бір жартысы көлікте түнесе, қалғанын көрші елдімекендерге жеткізген. Құтқарушылар ауыл іргесіндегі жарылған бөгетті бекітіп, ағыстың бағытын бұрып үлгерді.

"Дамбыда түнімен инертті материалдармен бөгет жасап, қапшықтар қойып көп жұмыс атқарды. Соның арқасында бөгеттен суды өткізбей, айналма жолмен шағарып салды. Ресей Федерациясымен судың деңгейі үш метрге дейін төмендегені жайында ақпарат алдық. Бақылап  отырмыз",- деді БҚО ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов.

Қауіп сейілгенімен, құтқарушылар әзір ауылдан қайтпайды. Судың деңгейін бақылап, бөгетті шайып кетуін қадағалайды. Қазір оқиға орнында төтенше жағдай департаментінің 150 маманы жүр.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964935-su-tasqyny-bqo-da-auyl-turgyndary-tundeletip-qauipsiz-aumaqqa-kosirildi/