Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір келісі 750 теңге": Сауда министрлігі көкөніс бағасының күрт қымбаттау себебін түсіндірді

Жарияланған күні:

көкөніс
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Петр Карандашов

Қазақстанда азық-түлік, атап айтқанда, көкөністер тағы да қымбаттады: картоп, сәбіз бен қырыққабат бағасы айтарлықтай өскен. Бұған не себеп болғанын Сауда және интеграция министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сауда комитеті басшысының орынбасары Айдар Әбілдабековтің айтуынша, көкөніс бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер еткен.

"Қазіргі кезде (қырыққабатқа – ред.) бағаның көтерілуіне маусымдық фактор себеп болып отыр, бұл сақтау құнының өсуімен және қордың азаюымен байланысты. Сонымен қатар, қазір Өзбекстан, Пәкістаннан жаңа өнімдер әкелінген, бұл да бағаның өсуіне негіз болып отыр.

Құрғақшылық салдарынан жем-шөп бағасының көтерілуі сиыр еті, тауық еті, сүт өнімдері мен жұмыртқа бағасына әсер етуде.

2021 жылы жанар-жағармайға акциздердің өсуі де азық-түлік бағасының көтерілуіне бірден-бір себеп болды. Коммуналдық қызметтерге тарифтердің біршама өсуі, шикізат, тыңайтқыштар, логистика, ветеринариялық препараттар бағасының көтерілуі – осының барлығы да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әкеп соқты.

Қаңтар оқиғасының да белгілі бір салқыны тиді. Қазіргі уақытта қант бағасының көтерілуі геосаяси жағдай мен Ресейден қант экспортына тыйым салуға байланысты. Ресей негізгі жеткізуші ел - біз ол жақтан 58 пайыз өнімді импорттап жүрміз", - деді Әбілдабеков.

Ал КТК телеарнасының мәліметінше, қазір елордалық дүкендерде қырыққабаттың келісі 450-ден 750 теңгеге дейін сатылуда. Астаналықтар енді қырыққабаттың кішкентайын таңдай бастаған, өйткені күтпеген жерден қырыққабат көкөніс дүкеніндегі ең қымбат тауарға айналды - бір қырыққабат бағасы 2000 теңгеге жуықтайды.

"Бағаның қымбаттауы, әрине, біздің қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиеді. Қазір нарықтағы бағалар күрт өсіп жатыр. Әрине, сәл арзандағанын қалар едік. Бірақ оған ешкім қуып жете алмайды. Біздің шенеуніктер де жағдайды аса бақылауда ұстамайды деп ойлаймын. Қатаң бақылау жоқ. Барлығын қадағалап отыру мүмкін емес", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Екатерина Нұрымбетова.

Сатушылар да қиын жағдайда. Қырыққабаттың неге қымбаттағанын бәріне түсіндіру қиын. Өйткені оның қымбаттауына еш алғышарт болмаған. Қырыққабат көкөністер арасында үлкен сұранысқа ие болмаған. Әдетте ел картоп, пияз және сәбізді жиі алатын. Бірақ наурызда жағдай өзгерді: оның бір келісі дүкендерде 150 теңгеден басталып, одан әрі көтерілген.

"Үстіне 30 теңге қосамыз. Қырыққабатты 420-дан аламыз, 450-ден сатамыз. Барлық көкөністерге осындай үстеме ақы қоямыз. Мысалы, картопты 200-230-дан аламыз, 250-260-тан сатамыз. Бұған дейін оны біз 200 теңгеге сатып алып жүрдік", – деп түсіндірді көкөніс қоймасының иесі Жанболат Сәтушев.

Өткен жылы мұндай жағдай картоп пен сәбіз саудасында байқалды. Ол кезде қазақстандық өнімдер экспортталатыны, Қазақстан көкөністерді шетелден сатып алуға мәжбүр екені айтылды.

Ал бұл жолы бәрін егіннің шықпауынан көріп отыр. Сақталған қор жаңа жылға дейін ғана жеткен, қазір көкөністерді сақтау және тасымалдау құны көтерілген.

"Көкөністі сақтау да, тасымалдау да шығынсыз болмайды. Бензин, дизельдік отын қымбаттап жатыр. Үстіне 20 теңге қосып сатамыз. Әрине, үйге де қырыққабат сатып аламыз. Борщ жасап ішу өте қымбатқа түсуде", - дейді көтерме базардың сатушысы Марина Ганеева.

Сауда министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін барлығын жасап жатырмыз дейді.

Баға әлі көтеріледі, жыл басынан бері кей жерлерде баға 19 пайызға дейін өскен.

"Баға өспейді деп ешкім айтпайды, өседі. Қазір бүкіл әлемде өсіп жатыр, бұл бізге де әсер етеді. Біздің міндетіміз бағаның өсуін тежеу. Егер мемлекеттік органдар шара қолданбағанда, меніңше, қазір қант мың теңге шамасында болар еді. Дәл сол қырыққабат мың теңге тұратын еді", - деп түсіндірді Айдар Әбілдабеков.

Шенеуніктер сәбіз бен картоп жетіспеушілігі жағдайындағыдай мол егіннің шығуын күтуде. Қазірдің өзінде Түркістан облысында бау-бақша өнімдері жиналып жатыр. Алайда алғашқы 80 тонна Қазақстан нарығына емес, Ресейге экспортталады, деп хабарлайды телеарна.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964989-bir-kelisi-750-tenge-sauda-ministrligi-kokonis-bagasynyn-kurt-qymbattau-sebebin-tusindirdi/