Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Одан асқан бақыт жоқ": Әр жұма сайын қарттарды тегін таситын шымкенттік таксист елдің алғысына бөленуде

Опубликовано:

Асан Боқаев
Асан Боқаев - такси жүргізушісі. Видеодан кадр: Instagram/shymkent_resmi

Шымкентте әр жұма сайын қарт кісілерді тегін таситын такси жүргізушісі тұрады. 58 жастағы Асан Боқаев кезінде қаладағы базарлардың бірінде көмір сатқан. Ауыр жұмыстың салдарынан денсаулығы сыр беріп, инсульт алған. Кейін оңалған соң, үйде бос жатуды ар санап, көлігімен жолаушы тасуды жөн көрген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Асан Боқаевты жолаушылары қаладағы Қалдыбек базарының алдынан таба алады. Өз көлігімен таксилететін тұрғын неліктен қарттарды тегін тасу туралы ойға келгенін айтып берді.

"Әр жұма сайын қарттарды тегін тасимын, үйлеріне апарып тастаймын. Көбінесе осы базардың алдында тұрамын. Өзім кезінде осы базарда көмір сатқанмын.

Сол уақыттарда денсаулығым сыр берді, суықта базарда тұру оңай емес. Инсульт алып қалдым. Мүгедектігім бар. Инсультпен ауруханаға түскенде "егер жазылып шықсам, такси жүргізіп, қарттарды тегін тасимын" деп ойладым. Ауруханадан шыққан соң бір жылдай үйде жаттым. Кейін бір үйімді сатып, осы көлікті алдым. Сөйтіп жолаушы тасымалдай бастадым. Бір жарым жылдан бері осы іспен айналысып келемін", - дейді ер адам.

Асан Боқаев - такси
Видеодан кадр: Instagram/shymkent_resmi

Айтуынша, осылайша үйде бос жатпай, біреуге жақсылық жасаса, өзінің де көңілі көтеріліп қалады.

"Күнделікті жұмысымды базардан бастаймын. Жұма күндері жолымда қарттар жолықса, оларды алып кетемін, ақша алмаймын. Маған алғыс айтып, рақметін жаудырып жатады. Одан асқан бақыт жоқ. Күнделікті табысыма шүкір етемін", - дейді Асан Боқаев.

Шымкенттік тұрғын өзінің такси қызметін толық заңдастырып алғанын, мемлекетке салығын уақытылы төлейтінін де айта кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965170-odan-asqan-baqyt-zoq-ar-zuma-saiyn-qarttardy-tegin-tasityn-symkenttik-taksist-eldin-algysyna-bolenude/