Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қайырымдылық мақсатта жасалған мобильді аударымдар кәсіпкерлік табысқа жата ма

Опубликовано:

Телефон ұстаған ер адам
Көрнекі фото: pixabay.com

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік қызметтер департаменті мемлеттік қызметтер басқармасының басшысы Владлен Балан қайырымдылық мақсатпен жасалған мобильді ақша аударымдарына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Негізі қайырымдылық мақсаттағы аударымдар арнайы шоттар арқылы өтуі керек. Егер қайырымдылық қор ақша жинап жатқан болса заңды тұлғаның атына шот ашу керек. Ақша сонда түсуі керек", - деді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қиындыққа тап болған ата-ана баласының еміне ақша жинаса немесе табиғи апат салдарынан үйсіз қалған адам жеке тұлға ретінде ашқан банк шотына қайырымдылық аударымдар қабылдаған болса, тексеурге жататын өлшемшартқа енуі мүмкін.

Бірақ тексеру кезінде банк өкілдеріне немесе кейін салық органдарына мән-жайды түсіндіріп, аударымның кәсіпкерлік қызметтен түскен кіріс емес екенін дәлелдеуіне мүмкіндік бар.

"Науқасқа ақша жинаған болса, медициналық құжаттары болады. Ал үйсіз қалған болса, ол туралы да акт жасауға болады. Ақшаның емделуге немесе басына түскен қиындықтың салдарын жоюға жұмсалғанын түбіртектер арқылы дәлелдеуге де болады. Сондықтан бұл тұрғыда мәселе туындамауы керек", - деді Владлен Балан.

Комитет өкілі түрлі курстар мен онлайн сабақтар өткізіп, ақысын мобильді аударымдар арқылы жинайтын блогерлердің қашан бақылауға алынатынын айтты.

"Блогер өз қызметін жайдан-жай іске асырып жүрген жоқ. Іс жүзінде олар кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүр. Сондықтан олар да өзге кәсіпкерлер сияқты кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Егер кәсіпкер ретінде тіркелместен мобильді аударым арқылы төлем қабылдап келсе, қызметін заңды жолмен іске асыруға көшу керек.

Яғни, кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салығын төлеуі қажет. Қазір бізде кәсіпкерлікпен тіркелмей айналысқаны үшін әуелі ескерту жасалады. Соған қарамастан тіркелмеген күйі кәсіпкерлікпен жүйелі түрде айналысса, салық төлеп, тіркелуге ынталандыратын шараларды қабылдаймыз", - деді басқарма басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965284-qaiyrymdylyq-maqsatta-zasalgan-mobildi-audarymdar-kasipkerlik-tabysqa-zatpaidy/