Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан әскери қызметшілерін Украинаға жіберу туралы сұраныс түсті ме: Министрлік жауап берді

Опубликовано:

Әкерилер
Көрнекі фото: pixabay.com

Қорғаныс министрлігі өз Telegram парақшасында ҰҚШҰ әскери комитетінің кезекті отырысына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

14 сәуірде бейнеконференция байланысы режимінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Әскери комитетінің кезекті отырысы өтті. Мұндай жиын жоспарлы түрде жылына екі рет – бірінші және екінші жартыжылдықта, бетпе-бет немесе онлайн өткізіледі.

"Отырыс шеңберінде ұйымның жауапкершілік аймағындағы әскери қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ дағдарысқа қарсы әрекет ету тетіктерін жетілдіру және ұйымға мүше елдер қарулы күштері авиациясының халықаралық ұшуларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Тараптар 2022 жылы Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын бірлесіп даярлау шараларын өткізу жоспарын мақұлдады",- деді Қорғаныс министрлігінде.

Ведомство әскери контингенттерді қандай да бір операцияға қатысу үшін жіберу мәселесі күн тәртібіне қарауға енгізілмегенін де атап өтті.

Сондай-ақ министрлік бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының әскери контингентін жіберу алгоритмі туралы бірнеше рет түсіндіргенін еске салды.

"Егер ұйымға мүше елдердің бірі қандай да бір мемлекет немесе мемлекеттер тобы тарапынан агрессияға ұшыраса, онда бұл осы Шартқа мүше елдердің бәріне қарсы агрессия ретінде қаралатын болады. Қатысушы мемлекеттердің кез келгеніне қарсы агрессия акті орын алған жағдайда ұйымға мүше барлық мемлекеттер оған әскери көмекпен қоса, қажетті көмек береді, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес ұжымдық қорғаныс құқығын жүзеге асыру тәртібімен олардың иелігіндегі қаражатқа қолдау көрсетеді", - деп келтіреді ведомство Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 4-бабын.

Сонымен қатар министрлік шартқа сәйкес ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын пайдалану туралы шешімді мүше елдердің басшылары қабылдайтынын хабарлады. Ұйымға мүше болуға өтініш берген мемлекеттің аумағына әскери контингенттер ұлттық заңнаманы ескере отырып жіберіледі.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге сәйкес, ұйымға кірмейтін аумаққа Ұжымдық бітімгершілік күштерді енгізу Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясымен және екі тараптың келісімімен ғана іске асуы мүмкін.

Ал Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери контингентін бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға жіберу туралы шешімді мемлекет басшысының жасаған тиісті ұсынысы негізінде парламент қабылдайды.

"Қазақстан әскери қызметшілерін Украинаға немесе қандай да бір басқа елге жіберу туралы сұраныс келіп түскен жоқ және мұндай мәселе қаралған да емес",- деп қорытындылады министрлікте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965288-qazaqstan-askeri-qyzmetsilerin-ukrainaga-ziberu-turaly-suranys-tusti-me-ministrlik-zauap-berdi/