Ақмола облысында мемлекеттік орган ғимаратына от қойғандар іздестірілуде

Опубликовано:

сіріңке
Фото: pixabay.com

Ақмола облысында мемлекеттік орган ғимаратына от қойғандарға қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайттың мәліметінше, 19 сәуір күні Аршалы аудандық полиция бөліміне жергілікті атқарушы орган өкілі жүгінген.

Ол 18 сәуір түнгі 03.30 шамасында белгісіз біреулер әкімшілік ғимаратты өртегенін хабарлаған. Шығын сомасы 6 млн теңгені құраған.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы мемлекеттік орган ғимаратында түнгі сағат 03.30-да өрт болғанын растаған. Аталған факті бойынша тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігі ("Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру") бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

Өрт болған жерді тексеру барысында өзіне тән иісі бар 3 литрлік шыны ыдыс пен пластиктен жасалған зат тәркіленген.

Қазіргі таңда аталған қылмысты жасаған немесе оған қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр.

Өрттен зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, тілсіз жауды Аршалы аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері сөндірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966055-aqmola-oblysynda-memlekettik-organ-gimaratyna-qasaqana-ot-qoigandar-izdestirilude/