"Алғашқы жағдай емес": Асхат Аймағамбетов павлодарлық мектептегі өртке қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Павлодарда мектептен өрт шықты. Оқиға орнынан фото
Оқиға орнынан фото: NUR.KZ

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сенат кулуарында Павлодардағы мектептердің бірінен шыққан өртке қатысты пікір білдірді. БҒМ басшысы төтенше жағдайдан кейін білім беру ұйымдарының барлығы тексерілетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аймағабетовтің сөзінше, бұл өңірдегі бірінші жағдай емес.

"Мұның алғашқы жағдай еместігін айту керек. Сондықтан біздің тарапымыздан барлық білім беру ұйымын толық тексеру жайлы тапсырма берілді. Себебі өрт қауіпсіздігі ережелері қатаң сақталуы қажет. Мектеп пайдалануға берілгенде, жөндеу жұмыстарынан кейін және жаңа оқу жылы басталар алдында міндетті түрде актілер (тексеруден өткені жайлы - ред.) болуы тиіс. Оның ішінде өртке қарсы қызметтерден де", - дейді ол.

БҒМ басшысының сөзінше, алдағы уақытта өрт шығуына не себеп болғанын анықтауға бағытталған тексеріс жұмыстары жүргізіледі.

"Мендегі бар ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ. Тек бір мұғалімде осы жағдайға байланысты психологиялық проблемалар болған. Қазір оған психологиялық көмек көрсетілуде", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр тиісті қызмет өкілдері ғимаратты толықтай тексерістен өткізетінін атап өтті.

"Тиісті қызметтер бұл сымнан ба, әлде басқа себептен шықты ма (өрт-ред.) анықтайды. Егер әрі қарай оқуға еш қауіп болмаса, балалар оқуын жалғастыра алады. Әзірге олар уақытша қашықтан оқи алады. Егер ғимарат жарамсыз деп танылса, балалардың басқа ұйымдарда оқуын жалғастыруы үшін әкімдік шаралар қабылдайтын болады. Бұл ретте логистика, арақашықтық және тағы басқасы есепке алыну керек", - дейді Білім және ғылым министрі.

Айта кетейік, бүгін Павлодарда №28 мектептен өрт шығып, 567 адам қауіпсіз жерге көшірілген еді.

Өткен аптада өңірдегі №1 мектепте де өрт болған еді. ТЖ салдарынан бес адам ауруханаға түскен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966129-algasqy-zagdai-emes-ministr-pavlodarlyq-mekteptegi-ortke-qatysty-pikir-bildirdi/