Рудныйда колледж студенттерінің асханада жаппай улануына қатысты дерек пайда болды
Опубликовано:

Санитарлық бақылау басқармасының ресми өкілі Ержан Байтанаев Рудныйдағы колледж студенттерінің улану фактісі тексеріліп жатқанын хабарлады. Бұл туралы ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Ол Қостанай облысының Рудный тау-кен технологиялық колледжі студенттері арасында жіті ішек инфекциясымен топтық улану дерегі анықталғанын жеткізді.
Байтанаевтың айтуынша, 21 сәуір сағат 15.00-дегі жағдай бойынша жіті ішек инфекциясы белгілерімен медициналық көмекке 35 студент жүгінген. Оның ішінде 14 адам "жедел гастроэнтерит" диагнозымен ауруханаға жатқызылып, қалғандарына амбулаториялық емдеу тағайындалды (науқастардың шағымы - жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, сұйық нәжіс).
"Бүгінгі күні науқастардың жағдайы қалыпты, орташа ауырлықта. Зардап шегушілердің барлығы өз ауруын колледж асханасында тамақтанумен байланыстырады", - деді санитарлық бақылау басқармасының ресми өкілі.
Рудный қаласының полиция басқармасымен қозғалған қылмыстық іс шеңберінде Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аумақтық басқармасымен бірлесіп "S_SALTA" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке тұлғамен жалға алынған асханаға қатысты жоспардан тыс тексеруді бастады.
Байтанаевтың сөзінше, тексеру барысында зертханалық зерттеулер үшін тамақ өнімдерінің, судың, шайындылардың сынамалары алынған. Сондай-ақ ас блогының персоналы тексерілді.
Қазіргі уақытта зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр.
"Мамандар ошақта эпидемияға қарсы іс-шараларды іске асыруда", - деді санитарлық бақылау басқармасының ресми өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966209-rudnyida-kolledz-studentterinin-asxanada-zappai-ulanuyna-qatysty-derek-paida-boldy/