"3,5 млн керек": Оңтүстік Кореяда көз жұмған шымкенттік азаматтың мәйіті елге қашан жеткізіледі
Жарияланған күні:
Оңтүстік Кореяда қайтыс болған Қазақстан азаматының елге қашан жеткізілетіні белгілі болды. Бұл туралы "Корея көмек" қорының жетекшісі Самат Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Шымкент тұрғынының денесі мәйітханада жатқаны туралы хабарлаған едік.
Самат Ахметовтің мәліметінше, қайтыс болған азаматтың денесін елге жеткізу үшін Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігі мен аталған қордың заңгерлері жұмыс істеп жатыр.
"Марқұмның денесін 28 сәуірде Шымкентке жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Мәйітті елге жеткізу үшін 10 миллион вон сұратылып отыр. Бұл біздің валютаға шаққанда 3,5 миллион теңге. Қазіргі таңда еріктілердің көмегімен бұл соманың жартысын жинап қойдық.
Қайтыс болған Шымкент тұрғыны - Оңтүстік Кореяға келген заңсыз еңбек мигранты. Ол 2018 жылдан бері осы елде жұмыс істеген. 2022 жылдың 20 сәуірінде Канвондо қаласындағы жалдамалы пәтерден марқұмның өлі денесі табылды. Полиция департаментінің айтуынша, ер адам 16 сәуірде көз жұмған болуы мүмкін. Сараптамадан соң полицейлер осындай тоқтамға келіп отыр.
Бүгінде құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Қазақстан азаматының көз жұмғаны туралы деректі Оңтүстік Кореядағы елшілік мамандары растады. Марқұмның қайтыс болғаны туралы анықтама да тіркелді", - дейді Самат Ахметов.
"Корея көмек" қайырымдылық қорының жетекшісі Самат Ахметов заңсыз жұмыс істеуге барған қазақстандықтар арасында көптеген қиындық туындайтынын айтты.
"Оңтүстік Кореяға барған соң өзім де түрлі қиындыққа тап болдым. Осыны ескеріп, 2017 жылы аталған қорды ашқанбыз. Міне, бес жыл ішінде түрлі жарақат алған, заңсыз жұмыс істеп жүрген 68 Қазақстан азаматы тіркелді. Түрлі себеппен ауруханаға түскен отандастарымызға құқықтық және заңдық көмек көрсетіп, шығарып алдық. Ал ресми мәлімет бойынша, Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген 36 Қазақстан азаматы көз жұмған. Олардың барлығы да заңсыз еңбек мигранттары.
Есепке алынып, тіркеуде тұрмаған соң мигранттар қашып-пысып жұмыс істейді. Еңбек мигранттары ауырып қалудан да қорқады, себебі, жеке басы сақтандырылмаған. Сондықтан оларға ауруханада қаралу мүмкіндігі жоқ. Ал ауруханаға түскен жағдайда, дәрігерлер айтқан өте үлкен соманы төлеуге мәжбүр. Бір ғана мысал айтайын. Қазақстанда соқыршекті тегін алып тастайды. Ал Оңтүстік Кореяда соқыршекке ота жасау үшін 1 миллион 700 мың теңге сұрайды. Осыдан-ақ, заңсыз мигранттардың өмірін бағамдай беріңіз", - деді Ахметов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966612-35-mln-kerek-ontustik-koreyada-koz-zumgan-symkenttik-azamattyn-maiiti-elge-qasan-zetkiziledi/