Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қыдыр атаны күтудің қажеті жоқ": Мың айдан да қасиетті Қадір түнін қалай өткізу керек

Опубликовано:

Мың айдан да қасиетті Қадір түнін қалай өткізу керек
Көрнекі сурет: muftyat.kz

Рамазан айының соңғы он күні де аяқталуға жақын. Ал соңғы он күннің бірі қасиетті Қадір түніне тұспа-тұс келеді. Биылғы күнтізбе бойынша, 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түні Қадір түні кіреді. Мың айдан да қадірлі түнді қалай өткізу керек? Үйде дастархан жайып, Қыдыр атаны күткен дұрыс па? Бұл түнді міндетті түрде мешітте қарсы алу қажет пе? KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалдарына дінтанушы, имам Нұрлан қажы Байжігітов жауап берді.

Қадір түнінде дастархан жаюдың қажеті жоқ

"Алдымен барша мұсылман қауымға ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді. Біз асыға күткен, алдағы тағдырымыз жазылатын қасиетті Қадір түні бүгін түнде кіреді. Мың айдан да қадірлі бұл түнді тек қана ғибадатпен өткізген жөн.

Қадір түнінде дастархан жайып, Қыдыр атаны күтетін адамдар арамызда әлі бар. 31 желтоқсанда жаңа жылды қарсы алғандай, столдың үстін толтырып, салат жасаудың керегі шамалы. Бұл түні ата, апа кейпіндегі басқа да кейіпкерлерді күтудің қажеті жоқ. Бұл түні Қыдыр ата келмейді. Қадір түнін тек қана ғибадатқа арнау керек.

Әркімнің өз үйі мешіт болып саналады

Содан соң, Қадір түнін тек мешітке барып қарсы алу керек деген қағида жоқ. Әркімнің өз үйі, өз шаңырағы мешіт болып табылады. Сондықтан әр адам осы бір қасиетті түнді өз құтханасында қарсы алса, еш сөкеттігі жоқ. Ғылыми-ағарту арналар мен әлеуметтік желілерде өте құнды ақпараттар толып тұр. Дұғасын жасап, тілегін тілеп, Қадір түнін үйінде қарсы алған да дұрыс деп ойлаймын.

Мешітке келіп, ең соңына дейін шыдай алмай, ұйықтап қалатын талай адамды көзіміз көрді. Негізі, Қадірдің түнін емес, таңын қарсы алуға ниеттену керек. Құранда да солай жазылған, Жебірейіл бастаған періштелер жерге таңсәріде түседі. Сол үшін таңды күткен дұрыс.

Мектеп оқушылары мен қызметтегі адамдардың таң атқанша отырғаны дұрыс па? Меніңше, әркім жағдайына қарау керек. Үздіксіз жұмыс істейтін адамдар мен таңертең сабаққа баратын оқушылардың ертеңіне ұйықтап отырғаны да дұрыс емес. Әсіресе, ата-аналардың балаларына абай болғаны дұрыс. Мешітке бала-шағасымен келіп, қаптаған адамның арасынан өз баласын таба алмай, даурығып кететіндерді де талай көрдік. Оның үстіне, қазір күн толық жылыған жоқ, суықтап қалуыңыз да әбден мүмкін.

Кешірім сұрайтын түн

Айтпақшы, осы Қадір түнінен түрлі белгі іздейтіндерді өмірде көп кездестірдім. Денесі жыбырлап кетіп, аспаннан найзағай ойнап, көзіне белгісіз жайттар көрінсе, оны Қадір түнінің белгісі деп түсінбеу керек. Қадір түнінің ең маңызды қағидасы - Құранды оқып, Алладан кешірім сұрап, өзің және жақындарың үшін, елің үшін дұға тілеу" - деді Нұрлан қажы.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында мұсылмандарды Қадір түнімен құттықтап, бұл түні не істеу керектігін айтты.

Қадір түнінде алдағы тағдыр жазылады

"Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі.

Алла Тағала Құранда: "Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштелер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады" ("Қадір" сүресі, 1-5-аяттар) деп баяндайды.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): "Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан" дейді. Бұл түнде намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасауды ұмытпайық.

Құлшылық жасағанның күнәсі кешіріледі

Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?" деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші" деп айтасың" деп жауап берген. Хадистердің бірінде: "Кім де кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі" делінген.

Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай", - деп жазды Бас мүфти.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966989-qydyr-atany-kutudin-qazeti-zoq-myn-aidan-da-qasietti-qadir-tunin-qalai-otkizu-kerek/

pixel