Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Петропавл полицейлері алданған зейнеткерге 700 мыңнан астам теңгесін қайтарып берді

Опубликовано:

Зейнеткер
Көрнекі сурет: pixabay.com

Петропавл полицейлері алданған зейнеткерге 700 мыңнан астам теңгесін қайтарып берді деп хабарлайды Polisia.kz.

75 жастағы қала тұрғыны қаражатын шетелдік валютада сақтаған. Сәуір айының басында ол өз қолымен 1,5 мың евроны алаяққа беріп жіберген. Күдікті өзін "оның Ресейде тұратын туысы" ретінде таныстырып, ақша сұраған.

Егде жастағы әйел қылмыстың ашылатынына сенбепті. Алайда полицияға жүгінгеннен кейін екінші күні жедел уәкілдер хабарласып, күдіктінің ұсталғаны және жоғалған ақшасын алып кетуіне болатыны туралы қуанышты хабар жеткізген. Риза болған зейнеткер жылы лебізін хатпен білдірді.

"Маған қоңырау шалып, ақшамның табылғаны және алып кетуіме болатыны туралы естігенде қатты таңғалдым. Мен жүгінгелі тек 1,5 тәулік өткен еді. Ең бастысы, полицейлер такси шақыртып, үйге дейін жеткізіп салуды тапсырды. Алғысым шексіз!", – деген зейнеткер Петропавл қалалық полиция басқармасы Екінші полиция бөлімі қызметкерлерінің кәсібилігін және адамгершіліктерін атап өтті. 

Оқиға 5 сәуір күні орын алған. Телефонмен хабарласқан қаскөй өзін оның жиені ретінде таныстырған және "омикроннан" туындаған РФ шектеулерге байланысты қаржыдан қиналып жүргенін алға тартқан.

Егде жастағы әйел бірден келісіп, өзінің мекенжайын берген, алаяқ ақшаны "досының" алып кететіні туралы айтқан.

Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықовтың айтуынша, бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет істі болған 39 жастағы күдікті Петропавлға жеке шаруасымен келген. Оның қызметтік тергеу кезінде ұсталғаны хабарланды.

Полицейлер телефонмен сөйлескенде, әсіресе ақша туралы сөз қозғалса, аса сақ болуға шақырады және міндетті түрде хабарласқан адамның дәл сол адам екеніне көз жеткізу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967094-petropavl-policeileri-aldangan-zeinetkerge-700-mynnan-astam-tengesin-qaitaryp-berdi/