"Ескі кебісті қайнатып ішкен": Қазақ даласына жер аударылған шешен балаларын бауырына басқан қазақ әйелі қандай ерлік жасады
Жарияланған күні:
1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. Тарихқа үңілсек, соғыс жылдары елімізге Еділ бойынан немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтар күштеп жер аударылған. Осы орайда алматылық Сәуле Қожатаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне қазақ даласына қоныстандырылған шешен ұлтының балаларын бауырына басқан қазақ әйелі Зейнеп апаның ерлігі туралы айтып берді.
Марқұм Зейнеп апа - Сәуле Қожатаеваның енесінің туған анасы, офицердің әйелі болған. Сәуленің сөзінше, Зейнеп апа 1944 жылы бұрынғы Семей облысы Аягөз қаласына депортацияланып, ата-ана қарауынсыз қалған шешен ұлтының балаларына бас-көз болып, оларды тиісті орындарға жайғастырумен айналысқан.
"Сол жылдары қазақ даласына жүздеген шешен және ингуш отбасылары Солтүстік Кавказдан күштеп қоныстандырылғанын білеміз. Олар біздің елге тауар таситын суық эшелондармен жеткен. Өздері рухани әрі физикалық тұрғыда қатты әлсіреген, жүдеу болыпты.
Зейнеп апа шешен балаларының барлығын бірдей орналастыра алмай, олардың жартысын өз үйіне алып келген.
Осыған дейін офицерлерге берілетін бір күндік ас-ауқатты қанағат тұтып жүрген Зейнеп апа мен қызына бұдан былай тамақ табу қиынға соққан. Өйткені енді онымен отбасына жаңадан қосылған балалардың қарнын тойғызу мүмкін емес еді", - дейді Зейнеп апаның немере келіні.
Осылайша Зейнеп апа үйінде тұрған заттың бәрін азық-түлікке айырбастап тастаған. Тек күйеуінің киімдерін қимай жүрген. Артынша күйеуі соғыста мерт болды деген қаралы хабар жеткен, алайда Зейнеп апа оған сенбепті.
"Тамақ таусылып, ішерге ас таппаған жасөсіпірім балалар ескі былғары кебісті суға қайнатып іше бастаған. Бұл әсірелеу немесе теңеу де емес. Енемнің айтуынша, асқазанын алдау үшін ұлдар кебісті екі рет қайнатып, соның сорпа-суын ішкен.
Бұған шыдамаған Зейнеп апа ұлдарды қылмыс жасауға өзі итермелепті, оларға ортақ отардан қой ұрлап әкеліңдер деп тапсырған. Балалар сол қойдың етін қарны тойғанша жеп алған. Бірақ сол күні кешке олардың ұрлығы ашылып, үйге жендеттер келіп жеткен.
Зейнеп кішкентай қызын тастап, балалармен бірге жендеттерге ере барған. Осылайша ол балаларды жазадан сақтап қала алды. Таңертең аман-есен үйлеріне оралды. Бұл соғыс жүріп жатқанда таңғажайып оқиға деуге болды.
Ал екінші ғажап дүние - Зейнеп апаның күйеуі, яғни, енемнің әкесі, офицер Айкенов 1946 жылы соғыстан оралған. Ол тұтқында болыпты. Бәлкім Зейнеп апаның сенімі күйеуін құтқарып қалған шығар", - дейді Сәуле Қожатаева.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967591-eski-kebisti-qainatyp-isken-qazaq-dalasyna-zer-audarylgan-sesen-balalaryn-bauyryna-basqan-qazaq-aieli-qandai-erlik-zasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.