Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Келіннің қолынан ұстауға болмайды": Ақтаулық көпбалалы ана әкімге неге сәлем салды (видео)

Опубликовано:

Ақтаулық көпбалалы ана әкімге сәлем салды
Гүлназ Қайырлиева. Фото: Жеке мұрағат

Ақтау қаласының тұрғыны Гүлназ Қайырлиева жеті баланың анасы. Ол жақында қала әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен өткен жиында "Алтын алқа" иегері атанды. Әкімге сәлем салған Гүлназ желі қолданушыларының жылы лебізіне бөленді. Ал әкім "Алтын алқаны" қасындағы көмекшісі арқылы табыстаған. KAZ.NUR.KZ тілшісіне Гүлназдың жары Берік Дәуенов сұхбат беріп, сәлем салудың сырын түсіндірді.

Берік пен Гүлназ 2001 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде олар жеті баланы тәрбиелеп отырған өнегелі жанұя. Отағасының айтуынша, Маңғыстау өңірінде келіндер үлкенге міндетті түрде сәлем салады және бұл келін мен басқа да адамдардың арасындағы қарым-қатынасқа тікелей әсер етеді.

"Сәлем салудың сыры терең. Біздің жақта келін қайын ағасына сәлем салады. Болды. Әрі қарай екеуінің қол алысып, бетінен сүйіп амандасуына жол жоқ. Бұл келін мен өзге де туысқандардың ара-қатынасына әсер етеді. Егер менің достарымның арасынан жасы үлкендеу адам болса, әйелім оған да сәлем етеді. Демек, ол кісі әйеліммен қалжыңдасып, артық әрекеттерге бармайды. Яғни, үлкенді сыйлаудың ең тамаша үлгісі бұл. 2001 жылы үйленген соң келіншегім кімдерге сәлем салу керектігін сұрады. Менің ағайындарыма, айналамда жүрген барлық жақын дос, сыйлас ағаларыма сәлем ете беруін айттым. Міне, сол салтты әлі күнге дейін ұстанып келеміз", - дейді Берік.

Гүлназ Қайырлиеваның қала әкіміне сәлем салып, алқаны көмекшісінің тағуы да осы құрметтен бастау алған.

"Қала әкімі де сыйлы адам ғой. "Алтын алқа" алатын кезде әйелім сәлем салған соң, ол кісі де жөн біледі, алқаны дереу көмекшісіне таққызған. Маңғыстау жақта сәлем салған келіннің қолын ұстап амандасуға, бетінен сүюге болмайды. Әкім де осыны жақсы түсініп тұр. 14 наурызда амал мерекесі басталғанда да келіндер мен қайын аға, қайын аталар қол алыспайды. Тек сәлем салады. Осы дәстүрді еліміздің барлық өңірінде қолданса, нұр үстіне нұр болар еді", - дейді Берік Дәуенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967735-kelinnin-qolynan-ustauga-bolmaidy-aqtaulyq-kopbalaly-ana-akimge-nege-salem-saldy-video/

pixel