Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

4 жылдан бері ораза ұстап, жұмадан қалмайтын арыстық полицей Михаил Крокус көпті таңғалдырды

Опубликовано:

Михаил Крокус
Михаил Крокус. Фото: Түркістан облысы полиция департаменті

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны Михаил Крокус ұлты орыс болса да, қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, көпке үлгі болуда. Тіпті ол өлең шығарып, қаражорға да билейді. Одан бөлек 4 жылдан бері ораза ұстап жүрген Михаил жұма сайын мешітке барып тұрады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, Михаилді жолдастары мен таныстары "Мәди" деп атап кеткен. Ол "Қаражорға" биін өзі үйреніп алған. Ал қазақ тілін меңгеруге өскен ортасы, атап айтқанда қазақ балалары әсер еткен екен.

"1998 жылы дүниеге келдім. 9 сыныпқа дейін Леңгір қаласындағы қазақ мектебінде білім алдым. Ал кейіннен Арысқа қоныс аударып, осындағы орта мектепті бітірдім. Қазір екі тілде де еркін сөйлеймін", - дейді ол.

Михаил Крокус
Михаил Крокус. Фото: Түркістан облысы полиция департаменті

Михаил Крокус - Ішкі істер министрлігіне қарасты Алматы академиясының түлегі. Еңбек жолын Арыс қалалық полиция бөлімінде "жедел әрекет ету" бөлімінде бастаған. Ал қазір учаскелік полиция инспекторы қызметін абыроймен атқарып жүр.

"Аумағымда 3000-ға жуық халық бар. Мектеп, тойхана, дүкен және өзге де әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік құрылымдар орналасқан. Таңертең ертемен көшені аралап, ақсақалдармен кездесемін. Қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында қызмет етіп келемін", - дейді лейтенант.

Михаил бір жыл ішінде 10-ға жуық қылмыстың ашылуына ұйытқы болған. Мәселен, үйіне ұры түскен тұрғынның арызымен жұмыс істеп, қылмыс сол күні ашылған.

Бұдан бөлек Михаил мәдени спорттық іс-шараларға да үнемі қатысып отырады. Облыстық "Парасатты полицей" байқауында бас жүлдені жеңіп алған ол республикалық сайыста үшінші орынды еншілеген.

Полиция қызметкері
Фото: Түркістан облысы полиция департаменті

"Жуырда Астана қаласында өткен "Татулық – тәуелсіздіктің тірегі" атты республикалық сайысқа қатыстым. Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету, мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар ішкі істер органдарында тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында өткен байқауға 19 полиция қызметкері қатысты.

Сонда өзім шығарған өлеңмен таныстыруымды айтып, қаражорға биледім. Көрермен көз айымына айналып, ІІМ "Алғыс хатымен" марапатталдым", - дейді Михаил Крокус.

Тәртіп сақшысы жақында отбасын құрған. Бүгінде жұбайы Айдана екеуі тұңғыш сәбилерін күтіп жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967739-4-zyldan-beri-oraza-ustap-zumadan-qalmaityn-arystyq-policei-mixail-krokus-kopti-tangaldyrdy/

pixel