Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ерекше қажеттіліктері бар балалардың санаториялық-курорттық ем алу шарттары жеңілдей түспек

Опубликовано:

Дәрігер1
Көрнекі фото: pixabay.com

Мүгедектігі бар балаларға арналған санаториялық-курорттық ем алу шарттарына өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы "Жастар саясаты жөніндегі кеңестің" төрағасы, "Отбасы істері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің" мүшесі Елнұр Бейсенбаев ақпараттық жиында мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, жаңа заң жобасы негізінде бұдан былай ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарының тиісті шығындарына мемлекет тарапынан қаражат бөлінетін болады. Нақтырақ айтқанда, баласын басқа аймақтың емдеу орталықтарына апаратын ата-аналарға көмек көрсетілмек.

"Осыған дейін тек балалардың қажеттіліктері өтелетін. Алдағы уақытта ата-ананың жатын орны мен тамағы төленетін болады", - дейді кеңес мүшесі, мәжіліс депутаты Елнұр Сабыржанұлы.

Депутат бұл шаралар аясында биыл 14 мыңға жуық отбасы қамтылатынын жеткізді.

"Бұл - расында да, қоғамдағы әлеуметтік осал топтар дейміз ғой, яғни кедейшіліктің шегінде тұрған, бірақ мүгедектігі бар балаларды қорғауға арналған нормалардың бірі. Осының аясында біз 14 мыңға жуық отбасыны биыл, кем дегенде 62 мың отбасыны үш жылдың ішінде қамтитын боламыз", - деді ол өз сөзінде.

Осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар мен Қарағанды облысы ғана ата-анасына ақша төлеп келгені айтылды.

"Шалғай ауылдағы балалар қаражат жеткіліксіздігінен баласын да жібермеген, өздері де бармаған", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар жиында "Балардың құқықтарын қорғау және балалар жылы" аясындағы басқа да іс-шаралар жоспары сөз болды.

"Осы күнге дейін психологиялық тест бойынша бірізді саясат жүргізілген жоқ. Жергілікті органдар, әкімдіктер, басқармалар өз деңгейінде, әр психолог өз біліктілігі аясында неше түрлі тест дайындап келді. Сондықтан ата-аналар тарапынан наразылық туындатты. Қазақстанда басты мәселелердің бірі- суицид. Ол да педагогикалық, психологиялық жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі деп есептейміз", - дейді Елнұр Сабыржанұлы.

Ол осы мәселелер негізінде түзетулер енгізілгені хабарлап, алдағы уақытта заңға қол қойылғаннан кейін бұл жұмыс тікелей Білім және ғылым министрлігінің бақылауымен іске асырылып, біріздендірілетінін жеткізді.

Сағыныш Әлімбаева,

Нұр-Сұлтан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967976-erekse-qazettilikteri-bar-balalardyn-sanatoriyalyq-kurorttyq-em-alu-sarttary-zenildei-tuspek/

pixel