Елімізде халыққа қызмет көрсету орталықтары қолхат беруді тоқтатады

Опубликовано:

Халыққа қызмет көрсету орталығы
Халыққа қызмет көрсету орталығы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

"Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматта жүзеге асатынын хабарлады. Мәселен, енді 8 қызмет түрі бойынша қолхат берілмейді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдиннің сөзінше, толықтай электрондық форматқа көшу бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады.

"Мемлекеттік аппаратты жалпы цифрландыру және бюрократиясыздандыру аясында миллиондаған тонна қағазды технологиялар мен онлайн-сервистерге ауыстыру керек, біз осы бағытта жұмысты бастап та кеттік. Енді қазақстандықтарға құжаты дайын болғанда қай халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керектігі және уақыты көрсетілген sms-хабарлама келеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының операторына клиент қолхаттың электронды нұсқасын көрсетсе болды", - дейді ол.

Қолхат берілмейтін қызметтер тізімі:

  • 1. Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәлігін беру және кері қайтарып алу;
  • 2. Қазақстан Республикасы халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу;
  • 3. Қазақстан Республикасы халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару;
  • 4. Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру;
  • 5. Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру;
  • 6. Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру;
  • 7. Жылжымайтын мүлік объектілерінің жоспарын (схемасын) қоса алғанда, тіркеу органы куәландырған тіркеу ісі құжаттарының көшірмелерін беру;
  • 8. Жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967997-elimizde-xalyqqa-qyzmet-korsetu-ortalyqtary-qolxat-berudi-toqtatady/