Енді жеке куәлік алатын қазақстандықтар суретке өздері түсіп, ең әдемісін таңдай алады
Жарияланған күні:

Қазақстандықтар алдағы уақытта жеке куәлік пен төлқұжат суретіне өздері түсіп, ұнағанын таңдай алады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Бізге жеке куәлік пен төлқұжаттағы фотоның сапасына қатысты халықтан шағымдар түсіп жатады. Сол себепті біз Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, өзіне қызмет көрсету терминалын енгізуді қолға алып жатырмыз.
Терминал биометриялық жүйемен және бәріне түсінікті интерфейспен жарақтандырылған. Келушілер суретке өздері түсіп, ең сәтті шыққан фотоны таңдап, көші-қон қызметкеріне өтінім бере алады", - дейді Сүйеніш Әбділдин.
Оның сөзінше, бүгінде осыған қатысты бұйрық шығару мәселесі қаралып жатыр. Ал жақын арада осындай терминалдар Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылмақ.
Айта кетейік, өткен жылы елімізде Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жаңа жеке куәлік пен төлқұжатты 2,4 миллионнан астам қазақстандық алған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968124-endi-zeke-kualik-alatyn-qazaqstandyqtar-suretke-ozderi-tusip-en-ademisin-tandai-alady/