Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сарбазды өз денесімен жауып, өмірін сақтап қалған "Халық қаһарманы" туралы не білеміз

Опубликовано:

Қанат Үмбетов
Қанат Үмбетов. Фото: polisia.kz

Алты жыл бұрын сын сағатта басын бәйгеге тігіп, жас сарбаздың өмірін сақтап қалған полковник Қайрат Үмбетовке "Халық қаһарманы" атағы берілген еді. Осы орайда Polisia.kz порталы батыл әскери қызметкердің көзсіз ерлігі туралы толығырақ ақпарат берді.

Басылымның мәліметінше, оқиға 2016 жылғы 7 сәуірде Қарағанды облысы Қарабас елдімекеніндегі 6505 әскери бөлімінде болған.

Сарбаздардың қатысуымен оқу-жаттығу өтіп жатқан. Бұған дейін жауынгерлер автомат пен тапаншадан оқ атып, керекті дағдыларды меңгерген. Ал дәл сол күні жарылғыш граната лақтырып үйренулері тиіс еді.

Құраманың штаб бастығы, полковник Қайрат Үмбетовке оқу-дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеттелген.

Алғашқы болып қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын алып, бұйрық берілген соң жарылғыш затты лақтырған.

Алайда граната алысқа ұшпай, желдің екпінімен окоптың жиегіне, үйілген топыраққа түскен. Одан кейін сарбаз бен офицер тұрған жерге қарай домалаған.

Тәртіп бойынша граната лақтырылғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалуы керек. Қаруын ұстап, отыра қалған Абзал өзінің жанына граната домалап келгенін байқамаған.

Сол сәтте Қайрат Үмбетов сарбазды итере салып, оны кеудесімен жауып үлгерген. Жарылыс салдарынан полковник түрлі жарақат алған.

Осы асқан ерлігі үшін Қайрат Үмбетов тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен "Алтын жұлдыз", "Отан" орденімен марапатталып, "Халық қаһарманы" атағын иеленді. Сондай-ақ ол "Қазақстанның 100 жаңа есімі" тізіміне енді.

Қайрат Үмбетов пен Нұрсұлтан Назарбаев
Қайрат Үмбетов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: polisia.kz

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Берік Тоқтаровтың айтуынша, офицерлер Қайрат Үмбетовтен үлгі алу керек.

Ол өз іс-әрекетімен Отанға және әскери антына деген шексіз адалдығын көрсете білген.

Бүгінде Қайрат Үмбетов Ұлттық ұланның "Батыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968140-sarbazdy-oz-denesimen-zauyp-omirin-saqtap-qalgan-xalyq-qaharmany-turaly-ne-bilemiz/

pixel