Елімізде жаңа утилизациялық алым мөлшерлемесі қашан күшіне енеді

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде утилизациялық алымның жаңа мөлшерлемесі көптен бері талқыланып келеді. Енді тиісті бұйрық шыққан соң аталған мәселе шешімін тапты. Қазақстандықтар көлігі үшін қашан және қандай тариф бойынша утилизациялық алым төлей бастайтынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқи аласыздар.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі утилизациялық төлемді есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізу туралы бұйрық дайындап, шығарды.

Енді биыл мамыр айының ортасынан бастап көліктің барлық түрі үшін жаңа мөлшерлеме қойылатын болады.

Утилизациялық алым мөлшерлемесі қалай өзгерді

Жеңіл көліктер үшін утилизациялық алым

Утильалымды есептеу кезінде 50 АЕК-ке тең (2022 жылы 153 150 теңге) стандартты мөлшерлемені алып, оны қозғалтқыш көлеміне байланысты коэффициентке көбейтеді. Бұрынғы сомалармен салыстырғанда бұл коэффициент екі есеге төмендеді.

Осылайша, жеңіл көліктер үшін утилизациялық алым келесідей болмақ:

  • 1 000 текше сантиметр - 229 725 теңге;
  • 2 000 текше сантиметр - 563 025 теңге;
  • 3 000 текше сантиметр - 765 750 теңге;
  • 3 001 текше сантиметр және одан жоғары - 1 761 225 теңге.

Бұл салық көлікті шетелден әкелгісі келетін қазақстандықтарға салынатын болады. Ал электркөліктерінің иегерлері утильалым төлемейді.

Жүк көліктері үшін утилизациялық алым

Мамыр айының ортасынан бастап әртүрлі салмақтағы (N1, N2, N3 санаттары) жүк көліктерін әкелетін азаматтар да жаңа тарифтер бойынша төлем төлейді.

Атап айтқанда:

  • 2,5 тоннаға дейін - 536 025 теңге;
  • 5 тоннаға дейін - 1 148 075 теңге;
  • 8 тоннаға дейін - 1 225 200 теңге;
  • 12 тоннаға дейін - 1 454 925 теңге;
  • 20 тоннаға дейін - 1 608 075 теңге;
  • 50 тоннаға дейін - 3 139 575 теңге.

Айта кетейік, көлік компаниялары әкелетін, рұқсат беру актісі бар халықаралық тасымалдауға пайдаланылатын ершікті тартқыштарға 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін нөлдік коэффициент қолданылады. Яғни мұндай жүк көлігінің иегерлері утильалым төлемейді.

Автобустарға арналған утилизациялық алым

Салмағы бес тоннаға дейін (М2 санаты) және бес тоннадан асатын (М3) автобустар үшін келесі коэффициенттер қолданылады:

  • қозғалтқыш көлемі 2,5 литрге дейін - 612 600 теңге;
  • 5 литрге дейін - 1 225 200 теңге;
  • 10 литрге дейін - 1 608 075 теңге;
  • егер көлемі 10 литрден жоғары болса - 2 067 525 теңге.

Ауыл шаруашылығы техникаларына арналған утильалым

Заң бойынша ауыл шаруашылығы техникалары екі санатқа бөлінеді. Айта кетсек, кейбір импортталатын ауыл шаруашылығы техникалары үшін утильалым төлемін толығымен алып тастау туралы ұсыныстар айтылғанымен, жаңа заңда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.

Осылайша, бұл техникаға арналған жаңа коэффициенттер екі негізгі категорияға бөлінеді:

  • қозғалтқыштың номиналды қуатына байланысты 2-ден 40-қа дейінгі коэффициент қолданылатын тракторлар. Сәйкесінше, сома 306 300 теңгеден 6 126 000 теңгеге дейінгі аралықта болады;
  • 9-дан 45-ке дейінгі коэффициенттер қолданылатын астық және жем-шөп жинайтын комбайндар. Бұл техникалар үшін утильалым сомасы 1 378 350 теңгеден 6 891 750 теңгеге дейінгі аралықта болады.

Айта кетейік, бұл бағалар тек 2022 жылы ғана күшінде болады. Өйткені утильалым сомасы жыл сайын өзгеретін АЕК-ке байланысты. Осылайша, 2023 жылы утильалым сомасы өзгереді.

Бұйрықтың мәтінінде құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң (3 мамыр) қолданысқа енгізіледі деп көрсетілген. Яғни, утильалымның жаңа тарифтері 14 мамырдан бастап күшіне енеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968166-elimizde-zana-utilizaciyalyq-alym-molserlemesi-qasan-kusine-enedi/