Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қара өлім": 397 жаудың көзін жойған даңқты қазақ мергені жайлы не білеміз

Опубликовано:

Төлеуғали Әбдібеков
Төлеуғали Әбдібеков. Фото: Facebook/azamat.kasym

Биыл Жеңіс күні қарсаңында екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан майдангер Төлеуғали Әбдібековке "Халық қаһарманы" атағы берілді. Майданда 397 жаудың көзін жойса да, Кеңес одағының батыры атағын алмай қалған қазақ снайперінің есімі осылайша өзі қайтыс болған соң 78 жылдан кейін лайықты дәрежеде еленіп отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Кеңес Одағының батыры" атағына үш мәрте ұсынылып, ерлігі бағаланбаған қазақ жауынгері – Төлеуғали Әбдібеков жайлы тарихи дерек жеткілікті. Батырдың көзсіз ерлігі туралы соғыс жылдары газет беттерінде жазылып, радиодан хабар таратылған.

Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Семей облысы Жарма ауданында Әбдібек Насырханның отбасында дүниеге келген. Ол дүние есігін ашқан уақыт азаматтық соғыстың күшейген кезіне дөп келген. 1932 жылы туыстарының шақыруымен Төлеуғали Оңтүстік Қазақстандағы "Мақтарал" кеңшарына көшіп, мақташы болып жұмыс істеген. Сол жерден қызыл әскер қатарына шақырылып, Хабаров аймағында әскери борышын өтеген.

Әскерде қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін Төлеуғали еліне оралып, мақта өсіру бригадасын басқарады. Алайда соғыс басталып, 1942 жылы мамыр айында Шымкент облысының жаңадан жасақталған сарбаздар тобымен Төлеуғали Калинин майданына аттанады.

Жасынан аң аулап сұрмерген атанған жігіт Калинин майданындағы Панфилов дивизиясының сапына алынған. Алғашқы ұрысқа араласқаннан-ақ 200 фашисті жер жастандырған. Ал сұрмергеннен үрейі қашқан фашистер оған "Қара өлім" деген ат қойған.

1944 жылдың 23 ақпанына дейін 397 фашисттің көзін жойған Әбдібековтың ерлігін кеңес әскерінің басқа снайперлері қайталай алмапты.

Төлеуғали мергендігімен ғана емес, ұстаздығымен де танылған. Ол өз полкінде мергендер қозғалысын ұйымдастырған. Сөйтіп, 32 мергенді дайындап шығарғаны туралы дерек бар.

Төлеуғали Әбдібековтың ерлігі жайлы мәлімет Түркістан облысындағы Ақкент ауылындағы мұражайда. Мұнда жауынгердің майдан даласынан досына жазған хаты мен мақтау қағаздары, бірнеше фотосы сақтаулы.

Жауынгерлік ерліктері үшін Әбдібеков "Қызыл Жұлдыз", "Қызыл Ту" ордендерімен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Ленин" орденімен наградталған. Сол тұстағы әскери қолбасшылық Әбдібековке Кеңес одағының батыры атағы өмірбаянында өзінің немере ағасы Кемелбай Насырхановтың репрессияланғанын жасырмай жазғаны үшін ғана берілмегенін жазады.

Төлеуғали Әбдібеков 1944 жылы ауыр жарақаттан қаза тауып, Калинин облысының Насва станциясында жер қойнауына тапсырылған. Соғыстан кейін Псков облысындағы бауырластар зиратына қайта жерленген. Мергеннің мылтығы қазір Алматыдағы Орталық музейде сақтаулы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968501-qara-olim-397-zaudyn-kozin-zoigan-danqty-qazaq-mergeni-zaily-ne-bilemiz/

pixel