Маңғыстау облысында екі қала мен төрт ауылды су басты (фото, видео)

Опубликовано:

Су басты
Оқиға орнынан фото: Lada.kz

Маңғыстау облысында түнде нөсер жауын салдарынан екі қала мен төрт ауылды су басты. Бұған қатысты өңірдің төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров пікір білдірді.

Мамырдың жетісінен сегізіне қараған түні Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ облыстың екі ауданындағы төрт елді мекенде (Бостан, Сенек, Құрық және Шетпе ауылдары) су тасқыны болды, деп хабарлады "Лада" басылымы.

Ақтау шаһарында 11 көшені су басқаны белгілі болды (оның тоғызы судан тазартылды). Судың көлемі - 12 420 текше метр. Төтенше жағдайлар департаменті тазарту жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

Басылым тілшісінің дерегінше, Жаңаөзенде 88 тұрғын үй, 43 аула, 27 көше, бір балабақша мен үш мектептің жертөлесі зардап шеккен.

Төтенше жағдайдың салдарын жоюға барлығы 81 маман, 19 техника мен 21 мотопомпа жұмылдырылған.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган 138 қызметкер, 46 техника және бес мотопомпамен қамтамасыз етті.

Одан бөлек, 85 ерікті өз еркімен көмектесті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968540-mangystau-oblysynda-eki-qala-men-tort-auyldy-su-basty-foto-video/