Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда бірінші сынып оқушысының әкесі жекеменшік мектепте ұлының зорланғанын мәлімдеді

Опубликовано:

оқушы
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Петр Карандашов

Құқық қорғаушы Дина Таңсәрі өзінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары зорлағаны туралы жазба жариялады. Полиция бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Алматы қаласы, жекеменшік мектеп, 7 сыныптың үш оқушысы 1 сынып оқушысын бірнеше күн бойы сабақ кезінде алып кетіп, әжетханада зорлаған! Мұғалім балаларды жіберіп қойып отырған", - деп жазды құқық қорғаушы.

Дина Таңсәрі баланың әкесі бұл жағдай туралы екі апта бұрын ғана білгенін айтады. Қазір зардап шеккен оқушы үйінде, дәрігерлер мен психологтардың бақылауында.

Құқық қорғаушы Бас прокуратураға жүгініп, ведомство қызметкерлерінен бұл істі бақылауға алуын сұрады.

"Кәмелетке толмаған күдіктілерді сот-медициналық сараптамадан өткізуді, зорлық-зомбылықтың бар-жоғын тексеруді сұраймыз, барлық қатысушыларға психологиялық сараптама жүргізіңіздер, зорлауға қатысы бар күдіктілердің өздері үлкендер тарапынан зорлық-зомбылық көрмегеніне көз жеткізіңіздер", - деді ол.

Дина Таңсәрі кінәлілердің ата-аналарын, мұғалімдері мен мектеп директорын да жауапқа тарту қажеттігін айтты. Ол жәбірленушінің отбасына келтірілген моральдық және материалдық шығын өтелуі қажет деп санайды.

Бұл жайтқа қатысты Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов өзінің Telegram желісіндегі ресми арнасында пікір білдірді.

Айтуынша, құзырлы органға зардап шеккен баланың әкесі 21 сәуірде арызданған. Сол күні ер адамның арызы Қылмыстық кодекстің 121-бабы ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық" дерегі) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелген.

"Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу шаралары жүргізілуде, нәтижесінде іс бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады", - дейді Рустам Әбдірахманов.

Сонымен қатар Әбдірахманов аталған қылмыстық іс бойынша тергеу барысын қадағалайтын процессуалдық прокурор тағайындалғанын атап өтті.

"Тергеу жан-жақты, толық және объективті қағидатты қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Қылмыстық істі тергеудің барысы мен нәтижесін Алматы қалалық полиция департаменті бақылауға алды", - дейді полицей.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968915-almatyda-birinsi-synyp-oqusysynyn-akesi-zekemensik-mektepte-ulynyn-zorlanganyn-malimdedi/

pixel