"Шыдай алмай сахнаға шығып кетті": Қуандық Рахымның патриоттық әнін жан-тәнімен беріле айтқан балақай елді тәнті етті

Опубликовано:

ленгірдегі концерт
Видеодан кадр: Instagram/rakhym_kuandyk.kz

Әнші Қуандық Рахымның концертінде көптің арасынан ортаға суырылып шығып, "Мен қазақпын" әнін өнер иесімен бірге орындаған кішкентай көрермен елді тәнті етті. Балақай рухты ән шырқалып жатқанда шыдай алмай сахнаға шығып кеткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мен қазақпын" әніне жігерленіп, орындаушымен қосыла шырқаған баланың видеосын Қуандық Рахымның өзі Instagram парақшасында жариялаған.

"Қазақпын деп соққан жұдырықтай жүрегіңнен айналдым", - деп жазды әнші видео сипаттамасында.

Бұл концерт Түркістан облысы Ленгір қаласында өткені белгілі болды.

Көптің көзіне түскен балақайдың анасы Ақмарал Боташеваның айтуынша, концертке барарда ұлы Айбар Қуандық Рахыммен бірге сахнада ән орындағысы келетінін айтқан.

"Рахмет Қуандық інім, балапанымның төбесін көкке жеткіздің. Арманы орындалды. 2018 жылы Ленгір қаласында өткен "Дарабоз" байқауына қатысып, осы әнді айтып 3-орын иеленді. Содан бері жатқа айтады. Көп-көп рахмет!", - деп әншіге алғыс білдіреді балақайдың анасы.

Желі қолданушылары да рухты балаға тәнті болғандарын айтып, пікір білдірген.

"Жанып тұрған бала", "Нағыз қазақ екен", "Шыдай алмай сахнаға шығып кетті", "Аман бол, бота бала. Қазақ деген жүрегің мәңгілік соқсын. Бұндай ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-анасына мың алғыс", - деп жазды желі қолданушылары.

Олардың кейбірі видеоны көріп, көзіне жас алғандарын да жасырмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1970098-sydai-almai-saxnaga-sygyp-ketti-quandyq-raxymnyn-patriottyq-anin-zan-tanimen-berile-aitqan-balaqai-eldi-tanti-etti/