Павлодарда белгісіз заттан уланып, 7 адам қайтыс болған оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты

Опубликовано:

аурухана11
Көрнекі фото: pixabay.com

Павлодар облсында белгісіз заттан уланып, 7 адам көз жұмған оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жеткізілген науқастың барлығында орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы байқалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ведомстовның дерегінше, аудандық ауруханаға белгісіз заттан уланған төрт адам түскен. Олардың бірі санавиация арқылы Павлодардағы қалалық ауруханаға жіберлген.

Ол есін біліп жатқан кезде дәрігерлерге барлығы бірге белгісіз сұйықтық ішкенін айтқан.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситқазиновтің айтуынша, науқастың барлығында бірдей есін жоғалту, құрысу, орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы, кейін барлық мүшенің жұмыс істемей қалуы және жүрек, тыныс алу қызметінің тоқтауы сынды симптомдар байқалған.

"Мұның бәрі кезең-кезеңмен болды, тиісті ем-дом шаралары жасалады. Алайда нәтиже бермеді", - дейді Айдар Ситқазинов.

Сонымен қатар дәрігер емдеу шаралары науқастардың жағдайын ескере отырып жүргізілгенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл суррогаттық алкогольден улануға жағдайына ұқсайды. Дегенмен Айдар Ситқазинов марқұмдардың нақты неден уланғанын сот-медициналық сараптамасынан кейін белгілі болатынын айтты.

Ол улану дерегі бойынша Ертіс ауылынан басқа адамдардың медициналық көмекке жүгінбегенін жеткізді.

Ал Павлодар облыстық полиция департаменті аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

Одан бөлек марқұмдар белгісіз сұйықтықты ішкен барлық ыдыс, атап айтқанда, бөтелке мен стақандар алынған.

Сондай-ақ белгісіз сұйықтықты ішіп, мерт болған 7 адамның қасында тағы бір адамның болғаны анықталған. Бірақ ол белгісіз сұйықтықты ішпеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысы Ертіс ауылында белгісіз заттан жеті адам уланып, бесеуінің қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Кейін ауруханада ауыр жағдайда жатқан тағы екі адамның да көз жұмғаны белгілі болды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мән-жайды анықтау кезінде марқұмдардың Ертіс ауылының тұрғынында бір ыдыста сақталған шығу тегі белгісіз сұйықтықты ішкені белгілі болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971636-pavlodarda-belgisiz-zattan-ulanyp-7-adam-qaitys-bolgan-oqigaga-qatysty-zana-derek-syqty/