Шымкентте жанұя ұрлықты отбасылық кәсіпке айналдырды деген күдікке ілінді

Опубликовано:

Ұры
Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкенттің 26 жастағы тұрғыны ұрлықты отбасылық кәсіп көзіне айналдырып келген. Ол қарақшылыққа өзінің туыстарын тарту арқылы қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, күдіктілер үй иелерінің күн тәртібіне дейін зерттеген. Олар үйге терезе арқылы кіріп, үптеп кетіп отырған. Ал ұрланған заттарды ұйымдастырушының күйеу баласы көлігімен алып кетіп жүрген.

"Шұғыл іздестіру шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласының тұрғындары - 4 азамат анықталып, құрықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол азаматтың екеуі ерлі-зайыпты екені анықталды.

Сонымен қатар тергеп-тексеру амалдарын жүргізу барысында Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Ордабасы аудандарында орын алған пәтер ұрлықтарының 70 дерегіне қатысы бар екені анықталып, үшеуі қамауға алынды", - деді Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ердәулет Амантаев.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары төртінші күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу бұлтартпау шарасы таңдалғанын атап өтті. Полицейлердің мәліметінше, қылмыстық топтың ұйымдастырушысы бұрын осындай қылмысы үшін сотты болған.

Айта кетейік, ол бұл іске өз анасын да тартқан. Ұрланған алтын әшекейлер мен бағалы бұйымдарды анасы мен келіншегі Шымкент пен аудандардағы ломбардтарға өткізіп, түскен пайдасын өзара бөлісіп алып отырған.

Полицейлердің дерегінше, қылмыстық топ бұл әрекетін 2020 жылдан бері жүзеге асырып келіпті. Осы уақыт аралығында тұрғындарға келтірілген залалдың жалпы сомасы 100 млн теңгеден асады.

Материал авторы: А. Төребекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971912-symkentte-zanuya-urlyqty-otbasylyq-kasipke-ainaldyrdy-degen-kudikke-ilindi/

jitsu gif