Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО-дағы арнайы операция: Студенттен ақша боспалады деген күдікпен екі жас жігіт ұсталды (видео)

Опубликовано:

Күдіктілер
Видеодан кадр: ШҚО ПД

Өскеменде арнайы операция барысында жарты жыл бойы студенттен ақша бопсалады деген күдікпен екі азамат ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, мамыр айының басында полицияға Өскеменнің екі тұрғыны былтыр қарашадан бері биылғы жылдың сәуіріне дейін 19 жастағы студенттен ақша бопсалағаны туралы шұғыл ақпарат келіп түскен.

Тексеріс барысында аталған ақпарат расталған. Күдіктілер 19 және 22 жастағы екі азамат болып шыққан.

Полиция қызметкерлері анықтағандай, жігіттердің бірі өз тобындағы студенттің шотында қаражат бар екенін біліп, жолдасына айтқан. Осылайша, олар заңға қайшы әрекет етуді көздеген. Ақырында ақшаның бір бөлігін ала алған.

Осыдан кейін жәбірленуші олардан қорқып, жасырынуға мәжбүр болған. Ол оқуға және жұмысқа баруды доғарған, тіпті тұрғылықты мекенжайын ауыстыруына тура келген.

Дегенмен күдіктілер оның ізіне түсуді жалғастыра берген.

Жалпы алғанда қылмыстық әрекеттерден келген шығын көлемі 1,5 млн теңгені құраған. Одан бөлек күдіктілердің әрқайсысы 150 мың теңге тұратын смартфон алу үшін студенттің атына екі несие рәсімдегені анықталған.

"Олар кезекті рет 200 мың теңге көлемінде қаражат алмақ болған кезде қолға түсті. Тінту кезінде олардың бірінен ұялы телефон, 44 мың теңге қолма-қол ақша және банк картасы тәркіленді", - дейді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Құзырлы орган қазір аталған факті бойыша Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын атап өтті.

Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Екіншісіне қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі пысықталуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972023-sqo-dagy-arnaiy-operaciya-studentten-aqsa-bospalady-degen-kudikpen-eki-zas-zigit-ustaldy-video/

pixel