Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ол кінәлі емес": Отардағы сарбаз өліміне күдікті атыраулықтың туыстары аштық жариялады (фото)

Опубликовано:

Маңғыстаулық сарбаздың туыстары
Атыраулық сарбаздың туыстары: NUR.KZ/Ләззат Салимова

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қайтыс болған маңғыстаулық Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті ретінде ұсталған Айболат Аманжоловтың туыстары аштық жариялады. Кеше сарбаздың ата-анасы 6 баласымен бірге Атырау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің алдына жиналды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Отбасы мүшелері бұл қайғылы жағдайға ұлының еш қатысы жоқ екенін айтады.

"Мен ұлымды маған аман-есен қайтаруын талап етемін. Баламызды бұл жерге әкелмейінше, ешқайда кетпейміз. Ол кінәлі емес. 20 мамырдан бері ол туралы ешқандай мәлімет ала алмай отырмыз. Қордай ауданындағы полиция бөлімшесіне інім тамақ апарып тұратын.

Бірақ қазір оның Алматыдағы тергеу изоляторына жеткізілгенін білдік. Баламызды ауыстырғанын бізге айтпаған. Бір аптадан астам уақыттан бері баламызбен байланыс үзілді. Оның тірі екенін де білмейміз. Адвокаты да бұл туралы бейхабар", - дейді сарбаздың анасы Айнұр Төлемісова.

Анасы ұлын көрмейінше, бұл жерден кетпейтінін және нәр татпайтынын айтады. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің алдына сарбаздың әпкелері мен інілерінен бөлек, туған-туыстары мен зейнеткер әжесі де келген.

"Тергеу изоляторында ұлым 10 жыл жазасын өтеген азаматпен бірге отыр. Ол оған барлық кінәні өз мойнына алуға кеңес берген. Менің ұлым небәрі 18 жаста, оның бүкіл өмірі алда. Неге ондай адамның қасына отырғызады? Баламды бостандыққа шығармайынша, мен тайынбаймын", - дейді күдіктінің анасы.

Атыраулық сарбаздың туыстары
Фото: NUR.KZ/Ләззат Салимова

Атырау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Асхат Айтеновтың айтуынша, олар Айболат Аманжоловтың Алматы қаласындағы тергеу изоляторына ауыстырылғанын туыстарынан білген. Қазіргі таңда атыраулық мамандар Алматы облысындағы әріптестерімен келіссөздер жүргізіп жатқанын жеткізді.

"Әскерге шақырылған Айболат Аманжоловтың отбасының талабын орындай алмаймыз, өйткені бұл біздің құзырымызға кірмейді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бүгінгі таңда отбасының сарбазбен сөйлесуіне жағдай жасап жатырмыз", - деп түсіндірді Асхат Айтенов.

Атыраулық сарбаз
Фото: NUR.KZ/Ләззат Салимова

Айта кету керек, Айболаттың жақындары департамент алдынан кеше түнгі 22:00-ге дейін кетпеген. Ал бүгін олар ведомство ғимаратының алдына қайта бара жатқанын жеткізді.

Айболат Аманжолов – отбасыда жеті баланың тұңғышы. Ең кіші інісі бір жарымда. Айболат Атырау бизнес және құқық колледжінде білім алған, оқумен қатар даяшы, кейін мейрамханада күзетші болып жұмыс істеген.

Еске салайық, күдікті ретінде қамалған Айболат 13 сәуірде қайтыс болған сарбазбен бірге әскерге қабылданып, тіпті әскери антын да қабылдап үлгермеген еді.

Қайғылы оқиға 22 сәуір күні таңертең болған, әскери қызметші Әлібек Қалбай ішкі жасақ кезінде сапта тұрғанында есін жоғалтқан. Ол Отар ауылындағы әскери қалашықтың госпиталіне жеткізіліп, сол жерде есін жимай қайтыс болды.

Кейін сот-медициналық сарапшылар бастың артқы жағында, оң жақ сан аймағында, бауыр мен оң бүйректе гематомаларды анықтады.

Марқұмның отбасы мен жақындарына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырған болатын.

Осы оқиғаға қатысты Атыраудан шақырылған күдікті Айболат Аманжолов ұсталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 440-бабы 4-бөлігі бойынша («Әскери қызметшілер арасындағы адам өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу») іс тергелуде.

Ләззат Салимова,

Атырау

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972346-ol-kinali-emes-otardagy-sarbaz-olimine-kudikti-atyraulyqtyn-tuystary-astyq-zariyalap-zanaiqaiyn-zetkizdi-foto/

pixel