Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" цехында қаза тапқан жұмысшылардың жақындарына көңіл айтты
Опубликовано:

Президент "АрселорМиттал Теміртау" АҚ цехында қаза болған жұмысшылардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында қаза болған жұмысшылардың жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
"АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамының цехында болған апат салдарынан қазаға ұшыраған жұмысшылардың отбасылары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырдым", – деп жазылған мемлекет басшысының жеделхатында.
Еске салайық, "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында төрт адамның өліміне әкеп соққан оқиға жұмыс істемейтін жылу пешіндегі отқа төзімді кірпішті бөлшектеу кезінде болған еді. ТЖ салдарынан төрт адам қаза тауып, бір адам ауруханаға жатқызылды.
Көп ұзамай өңірлік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы төтенше жағдайдан аман қалған 1994 жылғы азаматтың жағдайы туралы айтты.
Аталған жайтқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі ("Тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарын бұзу") бойынша қозғалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973627-toqaev-arselormittal-temirtau-cexynda-qaza-tapqan-zumyssylardyn-zaqyndaryna-konil-aitty/