ШҚО тұрғындары Маховка өзенінде балық қырылып жатқанын айтып, дабыл қақты
Опубликовано:

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы Маховка өзенінде балық қырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО Экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Солнечный кентінің тұрғындары Маховка өзенінде балық қырылғанын көріп, дабыл қаққан.
Оқиға орнына департамент мамандары шұғыл жеткен. Олар жағалауды шолып, химиялық талдау үшін судан сынама алған.
Белгілі болғандай, балық осыдан бір апта бұрын қырылған. Глубокое аудандық ветеринариялық инспекциясының қызметкерлері өлі балықты жинап алған.
ШҚО Экология департаментінің хабарлауынша, бұған дейін департаментке "Таза Өскемен" мекемесінің Маховка өзенін ластағаны жайлы арыз түскен. Соған байланысты кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Анықталғандай, 20 мамырда мекемеге тиесілі тазарту қондырғысының сорғышы істен шыққан.
Салдарынан су қоймасына лай қоспалары бар су төгілген. Сол үшін "Таза Өскемен" КМК-ге 9 700 344 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974093-sqo-turgyndary-maxovka-ozeninde-balyq-qyrylyp-zatqanyn-aityp-dabyl-qaqty/