Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорған тұрғындары арзан бағамен қант алу үшін түнгі екіден бастап кезекке тұруға мәжбүр

Опубликовано:

кезек
Видеодан кадр: Хабар 24

Талдықорған қаласының тұрғындары тұрақтандыру қорынан арзан бағамен берілетін қант алу үшін түнгі екіден бастап кезекке тұруға мәжбүр. Оның өзінде қант сөреге аптасына үш рет шығарылады және әр әдамға екі келіден артық сатылмайды, деп хабарлайды "Хабар 24".

Телеарнаның мәліметінше, Талдықорғандағы коммуналдық базарда сатылатын әлеуметтік тауар түрлерін үлгеріп алып қалу үшін тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұрады.

Онда сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері "Жетісу" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорындағы тауарлар шығарылады. Ерте бармаса, төмендетілген бағамен сатылатын тауарлар тез таусылып қалып, оның соңы дау-дамайға ұласатын көрінеді. 

"Сол қанттың жоқтығынан міне қанша қыруар халық тұрмыз. Түнгі сағат екі шамасынан бастап кезекке тұрамыз. Өзім жалғызбасты анамын. Алатын зейнетақым 59 мың теңге. Ал енді қантыңыз 220 теңгеден басталып, қазір 300-310 теңгеге дейін жетті. Әкімшілік қайда қарап отыр? Неге мынаны дұрыстап реттемейді?", - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Құралай Ақбаева.

Тағы бір қала тұрғыны Гүлбану Құрмашеваның айтуынша, билік өкілдері елде қант тапшылығы жоқ екенін айтып, сендіргенімен шын мәнісінде жағдай басқаша.

Ал Бақзор Бітібаева қант алуға 5 адам болып келгенін жеткізді. Өйткені, бір адамға екі келіден артық қант сатылмайды. Одан бөлек әр отбасы мүшесінің қолында метрке сынды жеке басын растайтын құжаты болуы керек. Онсыз екі келіден артық берілмейді.

"Жетісу" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, өңірдің тұрақтандыру қорында 2 мың тонна өнім бар оның 1,5 мың тоннасы қант. Жыл басынан бері халыққа 650 тоннаға жуық қант жеткізілген.

Сонымен қатар корпорация сәуір айында "Көксу" қант зауыты мен ірі 3 сауда желісінің арасында үш жақты меморандумға қол қойылғанын атап өтті.

Сол келісім бойынша, аталған кәсіпорын сауда желілерін тамыз айына дейін 2 мың тонна қантпен қамтамасыз етуі тиіс болған. Алайда сауда үйлеріне жеткізілген өнімді жұрт 1-2 сағаттың ішінде алып кетіп жатыр екен. Ондағы қант бағасы 435 теңге.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974262-taldyqorgan-turgyndary-arzan-bagamen-qant-alu-usin-tungi-ekiden-bastap-kezekke-turuga-mazbur/

pixel