Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әр аялдаманың құны - 12 млн теңге": Атырауда соңғы үлгіде салынған аялдамалар аянышты күйге түскен (фото)

Опубликовано:

Атыраудағы жабық аялдамалар қирап жатыр
Атыраудағы аялдама. Фото: Ділназ Бірманова/KAZ.NUR.KZ

Атырауда әрқайсысы 12 миллион теңгеге салынған "жылы" аялдамалардағы салқындатқыштар істемей тұр. Мұнайлы астананың +40 градус ыстығында халық аялдаманың көлеңкесінде тұрып күннен қорғануға мәжбүр. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі қаланы аралап, аялдамалардың жағдайымен танысып шықты.

Атырау қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, қала аумағында 22 жабық аялдама орнатылған. Оның алтауы сенімгерлік басқаруда, қалған 16-сын "Арнаулы автобаза" ЖШС жуып, жинайды. Аялдамалардың барлығы таңертеңгі сағат 7.00-ден кешкі 21.00-ге дейін ашық. Қазіргі таңда аялдамаларда бейнебақылау мен салқындатқыштар қосылмаған.

Біз барған "Мерей" базарының тұсында орналасқан аялдаманың іші қоқысқа толы, сыпырылып жуылмаған. Жерде конфет пен кофенің қағаздары шашылып жатыр, сондай-ақ ішінен жағымсыз иіс шағады. Аялдаманың салқындатқышы да қосылмаған. Автобус күткен халық сыртта тұр.

Әуезов көшесі бойындағы "Мектеп" аялдамасының да сиқы нашар. Павильон ішіндегі ауа 50 градустан төмен емес. Халық аялдаманың артындағы көлеңкеде күннен тығылуға мәжбүр.

Атыраудағы қымбат аялдамадарға ешкім кірмейді
Атыраудағы аялдама. Фото: Ділназ Бірманова/KAZ.NUR.KZ

"Аялдаманың ішін көрейін деп кіріп едім, тұтқасына қолымды күйдіріп алуға шақ қалдым. Темір күнге әбден қызып кеткен. Осы жерден күнде кешке үйге қайтамын. Бұл аялдаманың тек жазда ғана емес, қыста да рахатын көрмедік. Өйткені іші салқын, ал кей күндері мүлдем кілттеулі тұрады. Бұл аялдамаға ешкім кірмейді де, өйткені одан далада тұрған әлдеқайда жақсы екенін бәрі біледі", - дейді автобус күтіп тұрған қала тұрғыны Назымгүл Артурқызы.

Ал халық ең көп жиналатын "Дина" базары маңы мен "Вокзал" жабық аялдамаларының есігі, әйнектері, термометрі сынған. Бұл жерде де салқындатқыштар әлі күнге дейін іске қосылмаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аялдамалар тұрғылықты жері жоқ адамдардың мекеніне айналған.

"Аялдаманы үйсіз жүргендер ішімдік ішетін, ұйықтайтын жерге айналдырған. Қашан келсең де, ішінен жағымсыз иіс шығып тұрады. Басында интернеті де, салқындатқышы бар деп айтқан еді. Ештеңе де жоқ, халық игілігіне жарамай тұр", - дейді Қазыбек Айтбаев есімді тұрғын.

Қалалалық ТКШ-нің ақпараты бойынша, бір жылда аялдамаларға қатысты жүзден аса шағым түскен. Олардың көп бөлігі тұрғылықты жері жоқ адамдарға қатысты.

"Халық өз шағымын 102-ге хабарлап айтады. Бір жылда жүзден аса адамнан шағым түсті. Үйі жоқ, мас адамдардың жабық аялдамаларға жатып алатынына тосқауыл қоя алмай отырмыз. Ал 16 аялдаманың бейнебақылау камерасы мен интернеті сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін іске қосылады, қалған алтауында барлығы істеп тұр. Салқындатқыштар да алдағы күндері қосылады, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - дейді қалалық ТКШ-ның маманы Нұрсұлтан Сауенов.

Атыраудағы жабық аялдамалардың іші қоқысқа толы
Атыраудағы аялдама. Фото: Ділназ Бірманова/KAZ.NUR.KZ

Айта кетейік, 2019 жылы Атырау қаласының аумағында алғашқы 9 жабық аялдама салынды. Оның жалпы сомасы - 155 миллион теңге. Кейін қала көшелері тағы 13 жаңа аялдамамен толықты. Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әр аялдаманың құны 12 миллион теңгені құрайды.

Ділназ Бірманова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974338-ar-ayaldamanyn-quny-12-mln-atyrauda-songy-ulgide-salyngan-ayaldamalar-ayanysty-kuige-tusken-foto/

pixel