Тоқаев Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті (фото, видео)
Опубликовано:

Ашхабадта ұйымдастырылып жатқан алтыншы Каспий саммитіне қатысуға келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, Сердар Бердімұхамедовке түрікмен жеріндегі дәстүрлі қонақжайлық үшін ризашылығын білдірген.
Бұл – Сердар Бердімұхамедов президент болып сайланғаннан кейінгі екі ел басшыларының алғашқы бетпе-бет кездесуі. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның жаңа президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы бүгін Ашхабадта өтетін алтыншы Каспий саммитіне ерекше мән беретінін жеткізді.

Қазақстан президенті саммиттің нәтижесі Каспий маңы мемлекеттерінің достық пен тату көршілік байланыстарын одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосып, өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдіріп, осы саммитке қатысты ойын айтты.
Түрікменстан президенті бәрімізге ортақ Каспийдің игілігі үшін бүгін келелі басқосу болатынын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976240-turikmenstan-prezidenti-serdar-berdimuxamedovpen-kezdesti/