"Ұят нәрсе": Бақытбек Смағұл жастарды әскерге мәжбүрлеп әкету жағдайларын сынға алды
Опубликовано:

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл жастарды әскерге мәжбүрлеп алып кету жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазақстанның Қарулы Күштері қанша ақталса да, жалпы қоғамда мұндай ұятты жағдайды қалыптастыруға болмайды. Әскери комиссариаттардың шақыру қағазы болсын, алдын ала таратсын, адамдарды көшеден ұстап, емтихан тапсырғандарды сүйрелеуі – ұят нәрсе. Әскерге сол азаматтардың қызығушылығын, құштарлығын оятуымыз қажет, Отанға деген сүйіспеншілікті сылдыр сөзбен емес, мөлдір сезіммен, жүрек көзімен көретіндей жастарға насихаттауымыз керек", - дейді депутат.
Бақытбек Смағұлдың сөзінше, әскердегі көптеген келеңсіз жағдай мен мәселені түбегейлі шешіп, үлкен өзгерістер жасау керек.
"Әскерге, Отанға деген құрметті, махабатты ояту керек. Кәсіби әскерді де нақты сұрыптау керек. Әлеуметтік қамтылуы тағы бар. Сол себепті әскерге ерекше мән беру қажет. Себебі, әскері қауқарсыз ел жалтақ болады. Әскери жазалар да қатаң орындалуға тиісті, сонда ғана өзімізді сұрыптай аламыз. Келіп жатқан сержанттар да, олардың дайындықтары да әлемдік деңгейдегі талаптарға сай болуы керек", - дейді Бақытбек Смағұл.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976378-uyat-narse-baqytbek-smagul-askerge-koseden-aketip-zatqan-zagdaidy-synga-aldy/